Жақсылық Үшкемпіровтің құрметіне арналған турнир: Қазақстандықтар 6 «алтын» алды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елорда даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы халықаралық турнир аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткендей, аталған сайыста еліміздің түпкір-түпкірінен келген боз кілем шеберлерімен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан мен Израильдің үздік 164 спортшысы 3 күн бойы өзара сынға түсті.
«Бұл жарыстың біз үшін орны ерекше. Оның ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқаны қуантады. Келесі жылы бұдан да көп ел қатысуы үшін оның мерзімін жылдың басына ауыстыру керек болады. Оны Халықаралық күрес федерациясының күнтізбесін ескере отырып, бекітуіміз қажет. Мысалы, осы жарысқа Өзбекстан құрамасы біраз мықты балуандарын жібере алмады. Себебі, онда қазір ел чемпионаты өтіп жатыр. Ал Әзербайжан мен Қырғызстан құрамасы негізгі құраммен келді», - деді Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов.

Бұл турнирде қазақ балуандары арасынан Айбек Айтбеков (55 кг), Олжас Ерғали (77 кг), Ислам Евлоев (82 кг), Нұрасыл Аманалы (87 кг), Нұртас Қыдырбаев (97 кг) және Жохар Узаров (130 кг) өз салмағында чемпион атанды. Қазақстандық спортшылар жарысты 6 алтын, 5 күміс, 14 қола медальмен аяқтады.
«Жазда Азия чемпионатына баратын ұлттық құрама балуандары өз деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Еліміздің өңірлерінен Ақтөбе облысы жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы 2 айда біз үшін жауапты жарыстар бар. Алдағы күндері Әзербайжан құрамасымен бірлесіп, дайындықтың бірінші кезеңіне кіресеміз. Олардың көздегені – Еуропа чемпионаты», - деп мәлім етті Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Қонысбек Түкенов.

Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған бәсеке осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Даңқты балуан қайтыс болғанға дейін боз кілем шеберлерінің турнирі Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесі үшін өтіп келген еді.
Осы сайыстан кейін елордада Қазақстан мен Әзербайжан құрамалары бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, құрлық чемпионатына дайындыққа кіріседі.

Айта кетейік, қазақстандық балуандар 12-20 шілде аралығында Иордания астанасы Амманда өтетін сары құрлық бәсекесінде (U-15 пен 20) бақ сынасады. Ал Әзербайжан спортшылары Еуропа чемпионатының жүлдесіне таласады. Осы жас санатындағы әлем чемпионаты 14-20 тамыз аралығында Польша астанасы Варшавада өтпек.

