#ЖақсылықЖаса: Қытымыр аяз Астана тұрғындарының бірлігін арттырды

«Өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларды қайта әлеуметтендіру орталығы» КММ күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Орталық 180 адамға есептелген, тағы 50 орын - түнгі бөлім. Ол жерде жай ғана түнеп шығуға болады.
«Ауа райына байланысты біз 300 адамды қабылдай аламыз. Қазір 244 адам орталықтың қызметін алуда, оның ішінде 220-сі - қазір орталықта болса, 24-і -ауруханаларда. 4-6 ақпан аралығында бізге 38 адам келіп түсті», - дейді орталық директорының орынбасары Динара Шаймерденова.
Орталықта әлеуметтік патруль жұмыс істейді, ол алдын ала полиция бекеттері мен ПИК-ке қоңырау шалып, қаладан үйсіздерді іздестіреді. Мобильді қызмет бүгінде күшейтілген тәртіпке көшті және 10.30-дан 23.00-ге дейін жұмыс істейді.
«Нағыз қытымыр аяз басталды. Осыған байланысты өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар дереу шұғыл желіге қоңырау шала алатынын естеріңізге саламыз. Байланыс телефондары: 53-16-48, 53-17-91, эл.пошта: centr_08_01@mail.ru, сайт: Pomosh01.kz ескерту. Мекенжайы: Астана қаласы, Чехоев көшесі, 14а», - делінген Қайта бейімдеу орталығының хабарламасында.
Астана мешіттері «Астана - мейірімді қала» қайырымдылық акциясын жалғастыруда: мұқтаж отбасыларға көмір мен азық-түлік береді, жол жұмысшыларына, құрылысшыларға, көше тазалаушыларға ыстық тамақ пен шай таратады, сондай-ақ аялдамада тұрған адамдардың діттеген мекенжайларына жетуге көмектеседі. «Нұр Астана» мешітінің дін қызметкерлері мен келушілері бірігіп, көмекке мұқтаж жандарға арналған 18 «тегін такси» көлігін ұйымдастырды. Бұл бастаманы ірі және ұсақ бизнес өкілдері де қолдады. Тегін шай тарату акциясын Asia Park СОО жариялады.
«Ыстық шаймен жылытамыз. Өз туыстарыңызды және достарыңызды белгілеп өтіңіз. Мүмкін олар қазіргі уақытта аялдамаларда немесе Asia Park СОО жанында тоңып тұрған болар. Сіздерді 1-ші қабатта орталық кіреберістің жанында күтеміз!», - осындай хабарландыру СОО-ның Instagram-дағы парақшасында жарияланған.
«1000 орын - көше саудасы» бағдарламасының операторы «Астана» ӘКК Facebook парақшасында көше саудагерлері туралы хабарлады. Мысалы, кәсіпкер Сиявуш Таиров өзінің екі павильонында фастфуд пен шай ұсынады (Ақбұғы көшесі, 5/1 және І. Есенберлин көшесі, 23). Ал кәсіпкер Виллаят Каримов Петров көшесі, 1 мекенжайы бойынша шағын дүңгіршекте шай дайындайды.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде «Аязды күні тегін алып кет!» акциясы белең алды.
«Бүгін түнде менің машинам қызбай қойды. Бірақ көршілерге рахмет ! Қиын жағдайға тап болғанда қол ұшын созды», - деп жазады пайдаланушы Жомарт Әмірханов Facebook-те.
«Мейірім тізбегін жалғастырып, осы аязды күндері біреуге көмектескім келеді. Мен машинаны қыздыра аламын, мекенжай мен телефон нөміріңізді жазып қалдырыңыз. Мен сол жағалауда тұрамын. Осы топтағы адамдарды қайырымдылық шарасына қосылуға шақырамын. Бір-бірімізге қамқорлық танытайық». Осы сынды жазбалар өте көп. Көмектесуге ниет білдіргендер мен сол көмекті қабыл алғандарды көптеп кездестіруге болады. #ЖақсылықЖаса хештегі бойынша осындай жағымды жаңалықтарды жиіи кездестіресіз.