#ЖақсылықЖаса: Павлодарда екі кәсіпкер жерлестеріне тегін ыстық тағам ұсынды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Шарбақты ауданында екі кәсіпкер аязды күндері тұрғындарға тегін шай мен тағам ұсынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.
«Игі істі жүзеге асыруға «Грузия» мейрамханасының иесі Мака Әлімбаева, «Халал» дәмханасының иесі Қалимаш Айтқұлова ниет білдірді. Бүгіннен бастап сағат 11.00-ден 18.00-ге дейін кез келген адам осында келіп ас іше алады. Екі кәсіпкер 200-ден астам адамға дастарханнан дәм ұсынуға дайын. Қақаған аязда адамдар бір-біріне мейірімділік танытып, өзара қолдау білдіргені дұрыс. Сондықтан акция күн жылынғанға дейін жалғасады», - дейді Шарбақты аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сержан Иманқұлов.
Бұдан басқа, ауа райы жағдайына байланысты ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін челлендж ұйымдастырылған. Таңертеңгі мезгілде және кешке 35 градус суықта жаяу жұмысқа немесе үйге бара жатқан адамдарды көрген жағдайда көлік жүргізушілері үйіне дейін тегін жеткізіп салады. Әсіресе, жолда тұрған әйел адамдар мен балалардың тоңып қалмауына көңіл бөлінуде.
Бүгінгі таңда 19,6 мың адам тұратын ауданда 888 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Өткен жылы еліміздің оңтүстік өңірлерінен 38 отбасы мен алты оралман отбасы қоныс аударса, биылғы жылы 46 шаңырақты көшіру жоспарланып отыр. Оның ішінде 10 отбасы оралмандар.