#ЖақсылықЖаса: Жас кәсіпкерлер 2 млн теңге жинап, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Жақсылық жасаудан жарысайық!» атты қайырымдылық шарасы өтті. Көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі ата-аналар мен балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған игілікті іске «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебі ұйытқы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

#ЖақсылықЖаса: Жас кәсіпкерлер 2 млн теңге жинап, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті

«Бүгінде қымбат көлігімен, көздің жауын алатын көйлегімен, той-томалақтағы мол дастарханымен мақтанатын, сол арқылы абырой жинайтын жандардың қарасы көбейді. Өкінішке қарай, қоғамдық құндылықтар өзгеріп, заман алмасты. Менің ойымша, жастар арасында мейірбандық, адамгершілік, жомарттық сынды қасиеттерді көпке үлгі ету үшін іс-шараларды көптеп өткізуіміз қажет. Мемлекет - ол билік қана емес, ол әрбір азамат деп ойлаймын. Қоғамның әлжуаз топтарына көмек қолын созу - әрбір отандасымыздың парызы һәм жауапкершілігі. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қолға алынған марафон осы ниетпен ұйымдастырылды», - дейді «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің басшысы Ахметбек Нұрсила.

Игі шара нәтижесінде 700-ден астам мұқтаж отбасыға көмек көрсетілді.

Марафон бойынша жас кәсіпкерлер 2 млн теңге жинады. Бұл ақша 20 көпбалалы отбасына қаржылай және 40 жанұяға материалдық көмек ретінде таратылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі сәбилердің еміне де қаржылай көмек берілді. Сонымен қатар, осындай көмекке мұқтаж отбасылардың арнайы тізімі белгіленіп, жас кәсіпкерлер алдағы уақытта оларға да қол ұшын созбақ.

Айта кетейік, қайырымдылық марафонын өткізу алдағы уақытта да дәстүрге айналады.

null null