Жақын арада АҚШ-тың классикалық радиосынан қазақ әндері шырқалады

Нақтырақ айтқанда, Лос-Анджелес радиостанциясының бас мамандары Бренда Барнс (Оңтүстік Калифорния Университетінің радио және «Classical KUSC» президенті) және Кристофер Мендез (заманауи технологиялар маманы) Алматыдағы «Classic» радиосында («Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясының құрамына кіреді) болып, радио қызметімен танысты.
«Бұл радио - мен көрген классикалық музыканың үздік радиоларының бірі. Танысып, әрі ұзақ мерзімді әріптестікке қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Қаланың әдемілігіне, қазақтардың қонақжайлығына және кәсібилігіне тәнті болдық, Қазақстан мемлекетінің тұтас табысына таң қалмасқа шара жоқ», - деді «KUSC» радиосының президенті Бренда Барнс. «Лос-Анджелестік әріптестерімізбен кездесуіміз сәтті өтті: біз көптеген пайдалы ақпаратқа қол жеткізді. Ең бастысы, Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Санта-Барбара, Санта-Кларита, Палм-Спрингста, Таузенд-Окустте қазақ музыкасы, біздің композиторлар мен орындаушылар жайында трансляцияланатын тұрақты бағдарлама туралы келісім жасадық. Біздің сазгерлеріміздің бүкіл әлемге паш етілуі өте маңызды», - деді «Classic» радиосының директоры Раушан Джуманиязова. Кездесулер классикалық музыка форматында хабар тарататын радионың ерекшелігі туралы мәселелерге, мәдениет пен өнерді дамытуға, жаңа медиаға арналды. Талқылауға, сондай-ақ «Қазақстан» РТРК интернет редакция бөлімінің қызметкерлері және Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері қатысты. «Classic» радиосы - хабар таратуы толығымен түрлі жанрдағы және ұлттық мектептердің академиялық музыкасына негізделген бірегей радиостанция. Бұл Қазақстан Республикасының аумағындағы классикалық музыканың тұңғыш және жалғыз радиостанциясы. Радио 2011 жылдың 6 маусымынан бастап хабар тарата бастады. Қазіргі уақытта екі ірі қалада: Алматы (102,8 FM) және Астана (102,7 FM) қалаларында хабар таратады. «Classic» радиосы әлем бойынша барлық әріптестерімен бірлесе қызмет етеді. Әсіресе, Мюнхенмен («BR-klassik») және Мәскеумен («Орфей») жасалған ынтымақтастық табысты болды. Сондай-ақ, «BBC 3» (Лондон) және «Radio Classique» (Париж) радиостанцияларымен ынтымақтастық қатынас дамып келеді. «Classical KUSC» радиосы - АҚШ-тағы классикалық музыканың ірі қоғамдық радиостанциясы. Радиостанцияның 60 жылға жуық тарихы бар. 1931 жылдан бастап, «Classical KUSC» радиосынан Метрополитен Операдан қойылымдар беріледі.