17:11, 08 Мамыр 2020 | GMT +5
Жақын арада емделгендер саны ауырғандардан арта түседі - министрлік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Дамир Көбжасаров коронавирус бойынша алдағы уақытқа оптимистік болжам жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Індетке шалдыққандарды емдеудің орташа кезеңі 16-17 күн. COVID-19 пациенттерінің саны іліспе аурулардың болуына қарай артуы мүмкін», - деді ол онлайн брифинг барысында.
Оның сөзіне қарағанда, індетке шалдығу өсімінің қарқыны тұрақты түрде төмендеп келеді, оның көрсеткіші орташа есеппен 3-4 пайыз.
«Бүгінде 1500-ден астам адам емделіп шықты, үш мыңға жуығы ем-дом қабылдап жатыр. Біздің орталықтың болжамына сәйкес, жақын арада ауырғандарға қарағанда емделгендер саны арта түседі. Бұл өз кезегінде емдеудің оңтайлы қарқыны жүріп жатқанын, сондай-ақ инфекцияның таралуы төмендеп жатқанын байқатады», - деді орталық директоры.