Жақын болашақта уранның ағымдағы бағасы өзгермейді деп болжануда - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның вице-президенті
АЛМАТЫ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ биыл 18 мың тонна уран өндіруді жоспарлап отыр.
Компанияның вице-президенті Ғалымжан Пирматов бүгін Алматыда өткізген баспасөз брифингінде осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтыр 14 мың 20 тонна уран өндірілген еді. Биыл өндіріс 18 мың тонна көлемінде жоспарланып отыр. Инвесторлар уран бағасына қатысты болжамымызды өте жиі сұрайды. Біздің пайымдауымызша, ағымдағы баға жақын болашақта өспейді», дейді Ғалымжан Отарбайұлы. Әлемде уран қоры жағынан 2-ші, ал өндіріс көлемі жағынан 1-ші орын алатын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы вице-президентінің айтуынша, дегенмен орта және ұзақ мерзімдік кезеңде уран бағасы өседі. Өйткені қазір әлемде 50 жаңа реактор салынуда. Сондай-ақ қолданыстағы реакторлардың өндірістік қуатын ұлғайту жоспарлануда. Ал алдағы 20 жылдың ішінде олардың саны 2 еседен асатын болады. Олардың жұмыс істеуі үшін отынмен қамтамасыз ету қажет. Бұл уран бағасына өз ықпалын тигізетін болады.