Жақында әлеуметтік тапсырысқа өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қабылданады - Ғ.Телебаев

МАТЫ. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Әлеуметтік тапсырысқа өзгерістер енгізу туралы заң жобасы Парламент қоржынында жатыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл: ҮЕҰ-дың Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлі» атты қалалық ҮЕҰ-дардың VII форумында ҚР мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев айтты.

Жақында әлеуметтік тапсырысқа өзгерістер енгізу  туралы заң жобасы қабылданады - Ғ.Телебаев

ҚР мәдениет вице-министрінің айтуынша, аталған заң жобасы жақын күндері қабылдануы мүмкін. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында азаматтық қоғамды дамытуға қатысты маңызды шаралар жүргізілуде. Аталған шараның бірі осы заң жобасы», -деген ол елімізде азаматтық қоғамның дамуы қарқынды жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

«Барлық деңгейлі мемлекеттік органдар жанында тиісті кеңес беру орындары құрылды. Жер-жерлерде азаматтық форумдар өткізіліп жатыр. Осы шаралардың еліміздегі азаматтық қоғамның кең өріс алуына бастама болғаны сөзсіз. Азаматтық форумдар Қазақстан қоғамының өзекті мәселесін талқылау, мемлекеттік органдармен қатынастың басым бағытын анықтау бойынша диалог алаңы болды. Өз кезегінде үкіметтік емес сектор да жылдар бойы түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Соның ішінде тұрмысы нашар отбасыларға әлеуметтік қызметтер мен көмек, құқықтық кеңес беру, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды патриоттық тәрбиелеу, мүгедек, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, жасөспірімдерге жағдай жасау бойынша олардың алар орны ерекше»,- деді Ғ.Телебаев.