Жақында Алматыда «Алтын Жүрек» жүлдесінің иегерлері белгілі болады
АЛМАТЫ. 11 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда 27 қазан күні қайырымдылық саласы бойынша жүрегі кең жандарды марапаттайтын «Алтын Жүрек» сыйлығының иегерлері белгілі болады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында айтылды.
Естеріңізге сала кетсек, Орталық Азияда баламасы жоқ «Алтын Жүрек» сыйлығы биыл Қазақстанда бесінші рет ұйымдастырылатын болады. Жобаның мақсаты - атымтай жомарттар мен кең пейіл жандарды марапаттау, қоғам атынан алғыс айту болып табылады.
«Алдыңғы төрт жылда 10 аталым өзгеріссіз келді, ал биылдан бастап біз Қазақстан аумағында қайырымдылықпен айналысатын шетелдік азаматтарға берілетін жаңа сыйлықты - «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымын қосып отырмыз. Бұл қазақ жерінде жақсылық жасауға ынталы шетелдік азаматтардың саны артып, тиісінше мұқтаж жандар саны азайса деген ниеттен туындады»,-деді «Алтын Жүрек» сыйлығы ұйымдастыру комитетінің төрайымы Жұлдыз Омарбекова.
Оның айтуынша, жыл сайын сыйлық үміткерлерінің саны артып келеді. «Мәселен, алғашқы жылы 70 өтініш қабылданса, кейінгі жылдары олардың саны 90, 110, 150 болды. Осы жылы құжаттардың саны 200-ге барып жығылды. Алайда кейбір үміткерлердің құжаты толық болмағандықтан, сарапшы кеңестің назарына 150 үміткердің өтініштері мен құжаттары ұсынылды. Ең көп өтініштер «Жылдың қайырымды адамы» мен «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымдары бойынша түсті. Алдыңғы жылы қатысушылардың көбі еліміздің Шығысынан болса, биыл Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысы жомарт жандар санымен мақтана алады»,-деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 5 жыл ішінде орта және шағын компаниялар - жетімдер мен мүгедек жандарға, спорт пен медицинаға көбірек көңіл бөлген, ал ірі компаниялар мен ұлттық корпорациялардың дені - саяси партияларға көмектесумен қатар, жол жөндеу мен мекеме салуға ынта танытқан.