Жақыныңа жанашыр бол: Коронавирус жұқтырған науқастар қандай жағдайда ауруханаға жатқызылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров коронавирус инфекциясы бар науқастарды ауруханаға жатқызу және бақылау механизмін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақыныңа жанашыр  бол: Коронавирус жұқтырған науқастар қандай жағдайда ауруханаға жатқызылады

«КВИ жағдайы расталған пациенттерді емдеуге жатқызу және бақылау алгоритміне жеке тоқталғым келеді. Талдаулары оң нәтиже көрсеткенде және аурудың ешқандай белгісі болмаған жағдайда тіркелген жері бойынша емханаға, үйден шықпай-ақ қоңырау шалу немесе Сall-орталығына 3000-103 нөміріне жүгінуі қажет. Амбулаториялық жағдайдағы бақылауды МСАК мобильді бригадалары келесі алгоритмге сәйкес жүргізеді: күн сайын екі рет телефонмен хабарласу; жалпы жай-күйін, дене қызуын бағалау, сырқаттану бойынша шағымдарын (жөтелу, тыныс алудың қиындауы, әлсіздік, тершеңдік, диарея, бөртпе, миалгия және тағы басқа) анықтау, сатурация (мүмкін болғанда); қажет болған жағдайда үш күнде бір рет бейне-консультация жүргізу»,– деп түсіндірді Камалжан Надыров.

Сонымен қатар, ол аурудың симптомсыз түрі бар адамдарды медициналық бақылау оқшаулаудың 10-шы күнінде ПТР тексеруімен босатылатынын айтты.

«Бақылау кезеңінде клиникалық симптомдарының (дене қызуының көтерілуі, жөтел, тыныс алудың қиындауы, ентігу) дамуы кезінде пациент жұқпалы аурулар стационарына жіберіледі. Емдеуге жатқызуға COVID-19 диагнозы расталған, егер олардың температурасы 3 күн ішінде 38,5°С болса, сатурация (қанның оттегімен қанығуы) 95 пайыздан аз болса, екі өкпесінде де 25 пайыздан астам өзгерістері таралған пневмония белгілері бар (КТ нәтижелері болған жағдайда) пациенттер жатады»,– деді ол.

Оның айтуынша, COVID-19 вирусы анықталған, жатақханада, адамдар көп қоныстанған пәтерде тұратын немесе 65 жастан асқан тәуекел тобына кіретін адамдар да ауруханаға жатқызылуы тиіс.

«Тағы да ауруханаға жатқызу алгоритміне назар аударғым келеді. Егер сізде тестінің оң нәтижесі болса, бірақ симптомдар болмаса, жедел жәрдем шақырудың қажеті жоқ. Сізге емханаға немесе 300-01-03 нөмірі бойынша Call - орталыққа хабарласу қажет. Сіздің ауруханаға жатқызу мәселеңіз емхана деңгейінде шешілетін болады.Осы жағдайды пайдалана отырып, халыққа жеке карантиндік шараларды қатаң сақтауға және мамандардың ұсыныстарын басты назарға алуға шақырамын»,– деп қортындылады К.Надыров.