Жақып Асанов дауласушы тараптарды сотқа жеткізбей татуластыруды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соттар дауласушы тараптарға бейбіт жолды көрсететін, мәмілеге келуге жағдай жасайтын алтын көпір болуы тиіс. Бұл туралы бүгін сот төрелігін жүзеге асырудың 2017 жылғы қорытындысына арналған кеңейтілген кеңесте ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас қатып қалған. Кейде басында ашуға беріліп, сотқа жүгініп, кейін басылып, «қатты кеткен жоқпын ба, алдыма келсе шешу жолын іздер едім ғой» деп өкініп жатамыз. Соттар осындай бейбіт жолды көрсететін, ұрыс-керіссіз, бірін-бірін тыңдап, мәмілеге келуге жағдай жасайтын «алтын көпір» болуы тиіс. Сот, әкімдер, ассамблея, партиялар болып осыны қолға алсақ... Қай кезде де сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Бітімнің, татуласудың бар пайдасын жылы, сүйегіне өтетіндей, жүрегіне жететіндей сөздермен айтып үйренсек, онда қоғамда шағым азаяды. Жалпы ахуал жақсарады. Соттасып, тартысып, араздасып жүрген адамдарда қандай көңіл болсын», - деді ол.
Осы ретте Жақып Асанов кеңейтілген кеңеске қатысып отырған облыс әкімдерінің орынбасарларына өтініш жасады.
«Сіздерге өтініш, айтысып жүрген ағайындарды ымыраға келтіретін, бітімге шақыратын оның артықшылығын, ұтымды жағын ашып көрсететін, сотқа жеткізбей татуластыратын бір тиімді орган жасасақ. Оған мықты мамандарды дайындасақ, медиатор, психолог, конфликтолог, отставкадағы судьяларды және сөзге шешен, ойы жүйрік, халықпен тікелей сөйлесе білетін, тілін табатын, көндіре алатын тұлғаларды тартсақ», - деді Жоғарғы сот төрағасы.
Оның дерегінше, мың адамға шаққанда даудың көбісі Алматыда, Астанада, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында тіркелген.
«Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысында мың адамға шаққанда даулар Алматымен салыстырсақ 5 есе аз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, бар күшімізді осыған салсақ, сонда дау да қысқарады, билікке де өкпе азаяды, соттарға да сенім өседі», - деді Жақып Асанов.