Жақып Асанов Конституцияда прокуратура өкілеттігінің қысқаруына қатысты пікірімен бөлісті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Прокуратураның базалық қызметі мен міндеттері қалады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлім етті.
ҚР Парламентінің депутаты Бекболат Тілеуxан Бас прокурорға қойған сауалында прокуратураның өкілеттігі жаңа Конституциямен бірге қысқарып қалмайды ма деген күдігін жеткізген болатын.
«Конституцияға өзгерту енгізу деген басты мақсаттың өзі билік тармақтары арасында Президент өкілеттілігін бөлу. Елбасының негізгі тапсырмасының өзі де осы. Конституцияның 83-бабы әжептәуір өзгеретіндігін көріп отырмыз. Осы өзгерістер прокуратура қызметіне қандай жаңалық әкеледі? Сонда прокуратура органдары да өз өкілеттігімен бөлісетін болады ма?», - деді Б. Тілеуxан.
Өз кезегінде, Бас прокурор осы бағытта біршама өзгерістер орын алатынын растады.
«Расында да Сіз дұрыс айтасыз, мынау екі мәтінді салыстырсақ, бүгінгі редакция мен ұсынылып отырған жобаның арасында айырмашылықтар бар. Бірақ бір айта кететін жайт - негізгі біздің бағыттарымыз, базалық біздің жұмысымыздың мазмұны, ол - жоғары қадағалау, заңдылықты қамтамасыз ету, сотта мемлекеттің мүддесін білдіру, қылмыстық қудалау, осының барлығы жаңа жобада сақталып тұр. Ал жалпы мынау бүгінгі мәтінде біздің көп функцияларымыз егжей-тегжейлі жазылған. Ал одан бүгінгі күні бізге қандай кедергі бар? Біз заман талабына сай, көп өзгерістерді дер кезінде жаса алмай отырмыз. Сондықтан біздің ойымызша, бұл редакция өте дұрыс. Ал біздің өкілеттілігіміз азаймай ма, қысқармай ма, ол әрине Парламент билігінде. Сондықтан осы сұрақпен біз сіздердің алдарыңызға әлі талай келеміз. Көп мәселелер заң деңгейінде қаралатын болады. Конституцияда нақтыланбайды», - дейді Ж. Асанов.
Бұның алдында xабарлағанымыздай, прокуратура құзыры жеке заңмен белгіленеді. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң жобасында прокуратураға қатысты бірқатар құзыр алынып тасталады. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлім етті.