Жақып Асанов: Қылмысты еңсерудің бірден-бір жолы - жұмыссыздықпен күресу
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қылмысты еңсерудің бірден-бір жолы - жұмыссыздықпен күресу. Ақтөбе облысының жұртшылығымен болған кездесуде ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов осылай деді.
«Соңғы 20 жылда ауыр және аса ауыр қылмыстар, әсіресе кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық жылдан жылға азайып келе жатыр. 1990-шы жылдарға қарағанда кісі өлтіру 3 есе кеміді. Ол кезде 2,5 мың, қазір - 800-дей. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру 6 мың болса, қазір - 1,5 мың», - деді ол.
Осы орайда Бас прокурор 90-шы жылдары қандай қиын болғанын бәріміз жақсы білетіндіктен салыстыру дұрыс емес болуы мүмкіндігін де ашық айтты.
«Онда КСРО-ның ең жақсы 80-ші жылдарын алып көрейік. Кісі өлтіру ол кезде 1,5 мың, бүгін - 800, 2 есе аз. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру де 2 есе кеміді. Бірақ, көпшілік қазіргі жағдай одан сайын нашар деп ойлайды. Неге? Өйткені, мұндай статистика бұрын жабық болған. Халық ештеңе білмеген. Қазір ақпарат интернетте тез тарап, қылмыс көбейіп жатқан сияқты», - деді ол.
Ж.Асанов жұмыссыздық пен қылмыс проблемалары бір-бірімен тығыз байланысты екендігін де атап өтті.
«Себебі былтыр елімізде қылмыс жасағандардың 84 пайызы - табысы жоқ адамдар. Қылмыстың алдын алу үшін ең алдымен, халықты жұмыспен қамту керек. Жұмыс орнын кім ашады? Әрине, бизнес. Сондықтан Елбасымыз кәсіпкерлікті қорғап, дамыту керек деп қайта-қайта айтып жүр», - деді Бас прокурор.