Жақып Асанов: Лаңкестікпен ойнауға болмайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов Қарағанды облысында мұғалім Юрий Пактың үкіміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетсек, физика пәнінің мұғалімі Ю.Пакқа тіркелген ұялы телефоннан «112» жедел қызметіне «ЦУМ» сауда үйіне бомба қойылғандығы туралы ақпарат түскен. Террористік акті туралы ақпараттың нәтижесінде сауда үйіне жедел қызметтер мен құқық қорғау органдары барып, ол жерден 3 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қазыбек би аудандық соты айыптаушы тараптың да, қорғаушы тараптың да дәлелдерін тыңғылықты тексеріп, оның нәтижесінде айыптау үкімін шығарған болатын.
«Біз қазір үкімді құқықтық, заңнық тұрғысында бағалап отырмыз. Жалған лаңкестік үшін жыл сайын адамдар жазаға тартылып жатыр. Себебі бұндай әрекеттер экономикамызға өте қатты әсер етеді. Телефонмен жасалатын осындай бір жалған ақпараттың нәтижесінде елеулі күш жұмылдырылады. Атап айтқанда, лаңкестікпен ойнауға болмайды», - деді Жақып Асанов.
Осы орайда Бас прокурор бұндай қылмыстар үшін қатаң жаза қарастырылғанын атап өтті. «Осындай жағдайларға табандылық таныту керек», - деді ол.