Жақып Асанов: Судьялардың «қолы байлаулы»

«Азаматтық сот өндірісі саласында процесс барысында судьяның өкілеттігін кеңейту жұмыстарын жалғастырамыз. Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі судьяға істің барлық мән-жайын анықтап, дауды тиімді шешуге тосқауыл болатын кедергілерді жою қажет. Судьяларға көп қойылатын наразылық соңына дейін неге байыбына бармадың, дауды неге егжей-тегжейлі шешпедің болып келеді. Бірақ, шынымен де судьяның «қолы байлаулы». Азаматтық іс жүргізу кодексі бойынша да шектеуі бар, ол өз бастамасымен істегі қосымша мән-жайларды зерделей алмайды. Ол тараптардың сұрауы мен олардың ұсынған дәйектері шегінде ғана жұмыс істейді», - деді Жоғарғы сот төрағасы.
Оның айтуынша, адамдар судьялардың жұмысын нақты нәтижеге байланысты бағалайды және Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі шектеулерді біле бермейді.
«Кейде маған мұны артынан «біздің еш қатысымыз жоқ, құқығымыз да жоқ» деп айту үшін әдейі жасағандай көрінеді. Себебі бізде судьяны істің байыбына толық бармағаны үшін жауапкершілікке тарту өте қиын. Тіпті ол талап дұрыс жазылмағандығын, оған басқаша жауап бергенде оның жеңіске жететіндігін көріп тұрады. Бірақ, біз судьялар тіпті сыбырлап айтуға да құқығы жоқ деп бекітіп қойғанбыз», - деді ол.
Жақып Асанов дәл осы мәселелерді ұлыбританиялық әріптестерімен талқылағандығын, олар судьялардың мұндай жағдайына таң қалғанын айтты.
«Оларда судья істің мән-жайын анықтау үшін терең бойлай алады, еш шектеу жоқ. Мақсат біреу - шындықтың түбіне жету. Сондықтан Азаматтық іс жүргізу кодексі түзетулерге дайын. Яғни, судья әділ шешім шығару үшін жағдайды жан-жақты түсінуі тиіс», - деді ол.