Жақып Асанов: Тікелей эфирде баяндаманы түсінікті тілмен жеткізу керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы соты жалпы отырыс барысында бес нормативтік қаулыны қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Бұл құжаттардың біріншісі «Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қылмыстық істер жөніндегі сот актілерін қайта қараудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысына арналған. Осы бағыттағы істер бойынша Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов қысқаша түсініктеме берді.

«Біздің отырысымыз онлайн-режимде өткізіліп жатыр. Әрине, көрермендердің барлығы заңгер емес. Сондықтан тікелей эфир болғандықтан, өзіміздің баяндамаларымызды өте түсінікті тілмен айтуымыз керек. Қарастырып жатқан мәселе жалпыға түсінікті болу үшін, қысқаша екі мысалды келтіруді жөн көрдім. Мысалы, біреу жалған дәлел жасап, сол жалған дәлелдің кесірінен кінәсіз адам айыпты деп танылып, сотталып кетеді. Бірақ кейіннен сол дәлелдің негізсіз екендігі анықталып, сол жалған айғақтарды жасаған азаматтар жазасын алады. Ал алғашқы қабылданған үкім жөнінде не істеу керек? Қандай тәртіппен ол үкімді бұзып, қайта қарау керек? Немесе кейбір адамдар жасамаған қылмысын өз мойнына алады. Өкінішке қарай, ондай фактілер де бар, бұл тек біздің елде ғана емес, сонымен қатар барлық мемлекеттерде кездеседі. Ал кейін үкім шыққаннан кейін жаза бойынша ол кісі отырады. Уақыт өте келе сол қылмысты ол емес, басқа адам жасағаны анықталады. Сол жағдайда не істеу керек? Қандай тәртіппен алғашқы үкімді бұзу және қандай тәртіппен қайта қарау қажет? Тәжірибе жүзінде соның төңірегінде өте көп қателіктер мен сұрақтар бар. Ал енді осы сұрақтарға жауап беру үшін арнайы нормативтік қаулының жобасы әзірленді», - деді Жақып Асанов.

Өз кезегінде Жоғарғы сот судьясы Ербол Рахымбеков «Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қылмыстық істер жөніндегі сот актілерін қайта қараудың кейбір мәселелері туралы» НҚ жобасын таныстырды.

«Істерді бұлайша қайта қарау процеске қатысушылардың құқықтарын қорғау үшін қосымша кепілді қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселе сот актісінің күшін автоматты түрде жою туралы емес. Әрбір нақты жағдайда сот қылмыстық істі қайта қараудың негіздерін қылмыстық процеске қатысушылардың мүдделері, сот төрелігінің жалпы идеясы және анықталған мән-жайлар үкімнің заңдылығы мен негізділігіне қалай әсер ететіндігі тұрғысынан бағамдайды», - деді Рахымбеков.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Қылмыстық істер бойынша процестік шығындарды өндіріп алу жөніндегі мәселелерді қарау тұрғысында сот тәжірибесі туралы» НҚ жобасы, «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер жөніндегі заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» НҚ жобасы, «Акционерлік қоғамдар жөніндегі заңнаманы қолдану туралы» НҚ жобасы қаралды.

Соңғы жаңалықтар