«Жала жапқандарға жаза күшейтіледі» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 7 қаңтар, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Жала жапқандарға жаза күшейтіледі» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Топырақты мұнайдан тазартудың амалын тапты» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Отандық ғалымдарымыз бен өнертапқыштарымыздың жетістігі уақыт өткен сайын еселеніп келеді. Әсіресе, соңғы кездері әлем назарына ұсынылған тың жобалар мен айтулы жаңалықтардың мән-маңызы ерекше. Міне, осынау іргелі істердің қатары тағы бір ғылыми жобамен толығып отыр. Нақтылай айтқанда, қазақстандық химик Ерлан Досжанов мұнайдан ластанған жерді тазартудың әдісін ойлап тауып, бұл жаңалығын «Еуразияның үздік жас ғалымы» сайысында сәтті қорғап шықты. Осылайша, ТМД елдерінен келген жүзден астам ғалым қатысқан конкурста отандасымыздың жұмысы мамандардың ыстық ықыласына бөленіп, «Адам экологиясы» номинациясында үздік деп танылды.

Бас басылымда «Жеңіске құрмет» марафон акциясы Семей қаласына жетті» деген материал басылды. Семей халқы кеше Қазақстан Респуб­ликасының Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жолға шыққан «Жеңіске құрмет» марафон акциясын күтіп алды. Марафон Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып отыр. Офицерлердің Гарнизон үйінде өткен салтанатқа қала халқымен бірге, соғыс ардагерлері және әскери қызметкерлер жиналды. Жиын барысында «Шығыс» әскери өңірлік қолбасшылығына Қарағандыдан әкелінген Жеңіс жалауы ресми түрде табысталды. «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие ісі және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары А. Мұқатаевтың айтуынша, бұл жалпыұлттық акция еліміздің барлық қалаларында өткізіледі. Акцияның тағы бір мақсаты онсыз да қатары азайып қалған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету болып табылады.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Жаңа жылдан бастап, елімізде, Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясында берген тапсырмасына сәйкес қабылданған жаңа Қылмыстық-процестік кодекс күшіне енді.

Осыған орай бүгінде Бас прокуратура тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бас прокуратураның 2-департаментінің бастығы Әмірхан Аманбаевтың айтуынша, осылайша, ұлттық заңнама кезекті даму кезеңіне аяқ басып отыр. Оған сәйкес, мемлекетімізде енді сотқа дейінгі сатыда және сот инстанцияларында істерді қарау жеделдетіледі әрі жеңілдетіледі. Сонымен бірге елді елең еткізерлік бір жаңалық өмірге жолдама алуда. Оның нәтижесінде Қазақстандағы қылмыстар саны бірнеше есеге күрт артып, тіпті мил­лионнан асып жығылуы ғажап емес. Өйткені халықтан түскен шағымдардың бәрі қылмыс ретінде тіркелмек.

- Жаңа кодекс бойынша енді «қылмыстық істі қозғау» сатысы жойылды, - дейді Ә.Аманбаев. - Бұдан былай ха­лықтан қылмыстық құқықбұзушылық туралы келіп түскен кез келген арыз не­месе алғашқы кезек күттірмейтін тергеу амалы - «сотқа дейінгі өндірістің басталуы» болып есептеледі! Бұл мақала басылымның бүгінгі санында «Жала жапқандарға жаза күшейтіледі» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Қазақстанда қанша Қойшыбай бар?» деген мақала жарияланды. «Қой жылы» қашанда қазақтың көңілінен шыққан, жаққан. Қазақстан 1991 дәл осы «қой жылы» Тәуелсіз ел атанды. Сондықтан ба, халқымыз Шопан атаның түлегін де киелі жануар санайды. Ат қою шеберлігіне келгенде алдына қара салмайтын қазақ бұрындары, тіпті баласының есіміне «қой» сөзін де келістіріп, кірістіріп отырған. Осы орайда, біз Қазақстанның ресми, жауапты құрылымдарынан қазіргі кезде есімінде осындай жалғауы бар қанша адам барлығын сұрастырдық»,-деп жазады мақала авторы.

Кезіндегі «Статистика агенттігі» өткен жылы Үкіметтің қайта құрылымдануы нәтижесінде, Ұлттық экономика министрлігінің құрамына комитет болып кіргендігі мәлім. Осы орган жыл сайын Қазақстандағы «ең танымал адам аттарының» рейтингін жариялайды.

Соған қарағанда, 2014 жылы республикада ата-аналар тарапынан ең көп таңдалған және мақұлданған есімдер қатарына Ерасыл, Әлихан, Нұрасыл, Нұрислам, Санжар, Айсұлтан, Арсен, Мирас, Артем, Амир, Әли, Нұрсұлтан, Дияс, Ернар және Алдияр кіріп отыр. Сол «Жылқы жылы» өмір есігін ашқан қыз балаларға Айару, Айзере, Кәусар, Інжу, Айша, Әмина, Раяна, Аружан, Аяулым, Айлин, София, Іңкәр, Сезім, Алина және Милана есімдері көбірек қойылыпты. Көріп отырсыз, қой түлегіне қатысты «қосымшасы» бар есімдер танымалдылыққа ие болмаған. Жалпы, статистика бойынша мұндай аттар, тым сирек ұшырасатындықтан, тіпті Тәуелсіздіктің бүкіл 23 жылында да бұл рейтингтен орын ала алмапты.

Осылайша, бұл қазақы есімдер «архаизмге» айналып, бірте-бірте тарих қойнауына кетіп барады. Белгілі болғандай, қазіргі кезде Қазақстанда ең көп «үлеске» «Қойшыбайлар» ие: Статистика комитетінің дерегінше, республика бойынша бұл аттас барлығы 133 адам тіркелген. Бір қызығы, соның 125-і ғана - қазақ, қалғаны түркітілдес басқа ұлт өкілдері.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Код доступа» деген мақала берілген. Бірненеше күннен бері «Актюбинский вестник» облыстық газетінің сайты жұмыс істемеген көрінеді. Бұған 3-4 қаңтарда орын алған хакерлік шабуыл себеп болған екен. Сайтты бұзғаннан кейін киберқылмыскерлер мароккандық хакерлер атынан өзіндік сәлемдеме қалдырған.

«Кінәлілерді іздеп, уақытымызды кетірмейміз. Әрине, бұл оқиға мерекелік көңіл-күйімізге кері әсер етті. Біз газеттің электронды нұсқасының мұрағатына алаңдаулы болдық. Абырой болғанда, біздің мамандар барлығын қалпына келтірді»,-дейді аталған басылымның бас редакторы Айгүл Нүркеева.