Жалақының көтерілуі қызметкерлерді жақсы, әрі сапалы жұмыс істеуге ынталандырады - дәрігер Ж.Иса
АЛМАТЫ. 5 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Дәрігерлердің жалақысын көтерілуі өте қуантарлық жағдай.
Жалпы алдағы уақытта медицина саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы басқа маман иелерімен теңессе деген тілегіміз бар. Бұл жайында Алматы қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының коммуникация және салауатты өмір салтын насихаттау бөлімінің меңгерушісі, дәрігер -эпидемиолог Жанна Иса ҚазАқпарат тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты.
Елбасы өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында салауатты өмір салтына өте үлкен көңіл бөледі. Оның ішінде аурудың алдын алу істерін кеңінен қолға алуды меңзейді. Жанна Иса осы міндет жолында қызмет етіп жатқан жандардың қатарында. Ол халықты салауатты өмір салтын сақтауға шақырып, әрдайым түрлі шаралар өткізіп тұрады.
«Еуропа елдерінде аурудың алдын алу жұмыстарына өте көп көңіл бөледі, әрі оған қаржының көп бөлігін аударады. Науқасты емдегеннен гөрі оның алдын алған өте тиімді. Өйткені қазір дәрі-дәрмек, түрлі аппараттар өте қымбат», -дейді Ж.Иса.
Оның айтуынша, адам денсаулығының 55 пайызы өзінің өмір сүру салтына байланысты, ал 10 пайызына медицина жауапты екен. «Егер адам темекі, алкагольді ішімдіктер сияқты зиянды әрекеттерден аулақ болып, спортпен айналысып өз денсаулығын күте білсе, оның бәрі нақты нәтижесін береді», -деп атап өтті өз сөзінде дәрігер.
Сондай-ақ ол алты жыл білім алып, жұмысқа орналасқанда жалақының аздығынан көптеген түлектер басқа салаға еріксіз ауысып кететіндігін айтады.
«Қазіргі нарық заманында қызметкерлерге жалақының мөлшері өте қатты әсер етеді. Осы тұстағы Үкіметтің мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтергені өте орынды болды. Өйткені, мұндай жағдай қызметкерлердің алдағы уақытта жақсы, сапалы жұмыс істеуіне жігерлендіреді. Бізде жақсы жұмыс істеген маманға сыйақы беретін 310-шы бұйрық бар. Міне бұл да дәрігердің жақсы жұмыс істеуіне жәрдемдеседі», -дейді ол.