Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы

None
None
Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656) – қазақ батыры, қолбасшы, мемлекет қайраткері.
Сырдария өзенінің бойында дүниеге келген. Әйтеке бидің үлкен атасы. Жалаңтөс баһадүр бес жасқа келгенде әкесі Сейітқұл хан (әлімұлы тайпасының төртқара руынан шыққан Сейітқұл 1570 жылы өзіне қарасты алшындармен Нұрата өңіріндегі өзбек, қарақалпақтардың басын біріктіріп хан болады да, 5000 тұрақты жасақ құрып, жеке ел билейді) оны Нұратадағы мешітке оқуға жібереді. Алғыр да зерек Жалаңтөс баһадүр батырлар жырын, атақты хандар туралы жылнамаларды көп оқып, өзін батырлыққа, ел басқару ісіне шыңдап, түрлі әскери өнерді де игере бастайды. Баласының бейімділігін байқаған әкесі Жалаңтөс баһадүрді 1590 жылы Бұхар ханы Абдулланың жоғары дәрежелі қолбасшылар даярлайтын әскери мектебіне оқуға жібереді. Бұл мектепте Шыңғыс ханның қолбасшылық өнерінен дәріс беретін Бақимұхаммедтің баласы Имамқұл Жалаңтөс баһадүрдің ерекше қабілетін байқап, оны өзімен бірге хан ордасында өтетін әр түрлі кеңестерге, шет елдерден келген елшілерді қабылдайтын салтанатты рәсімдерге қатыстырып отырады. Хан ұрпағы Имамқұл мен Жалаңтөс баһадүрдің достығы осы кезден басталады. Бұхараның әскери мектебінде 3 жыл оқып, түменбасылық лауазым алып қайтқан Жалаңтөс баһадүр 1593 жылы Бұланғар, Лайыш, Қаттықорған жерлеріндегі әлімұлы тайпасының бір бөліміне би болып сайланады. 1595 жылы Иманқұлдың шақыруымен Бұхараға келеді де, хан кеңесінің ұйғаруымен Бағдад қаласына оқуға жіберіледі. Онда білімнің әр саласынан дәріс тыңдап, 1598 жылы еліне оралады. 1598 жылы қыркүйекте Бұхар ханы Абдулла қайтыс болады да, орнына баласы Абдулмүмин таққа отырады. Бірақ оның билігі ұзаққа бармайды, бес айдан соң өзінің қарсыластарының қолынан қаза табады да, тақ үшін тартыс басталады. Осындай жағдай Бұхараның ақсүйектері Жалаңтөс баһадүр бастаған алшындардың қолдауымен Жәнібектің баласы Бақимұхаммедті хан көтереді, інісі Уәлимұхамедті тақтың мұрагері деп жариялайды. Жалаңтөс баһадүр хан кеңесіне мүшелікке қабылданып, әскери істер жөніндегі кеңесші және ішкі істер уәзірлігінің орынбасары болып тағайындалды. 1605 жылы Бақимұхаммед қайтыс болады да, таққа Уәлимұхаммед отырады. Бірақ Уәлимұхаммед ел ішіне тәртіп орнатып, халықтың бірлігін сақтай алмайды. Мұндай саясатқа қарсы болған Жалаңтөс баһадүр бастаған топ 1611 жылы Уәлимұхаммедті тақтан түсіріп, орнына Иманқұлды отырғызады. Осы кезеңде Бұхар хандығының нығаюына Жалаңтөс баһадүр көп еңбек сіңіреді. Жалаңтөс баһадүр ауырып төсек тартып жатқан кезде, 1612 жылы күзде Имамқұл Түркістанға шабуыл жасап, қазақтар мен қарақалпақтарды қырғынға ұшыратады. Осыдан кейін Жалаңтөс баһадүр мен Имамқұл хан арасындағы қырғи-қабақтық біраз жылға созылып, 1618 жылы қыркүйекте Имамқұл Жалаңтөс баһадүрден кешірім сұраған соң тоқталады. Жалаңтөс баһадүр бұл тұста Бұхарда 5000, Нұратада 5000 тұрақты жасақ ұстайды. 1618 жылы Имамқұл хан Жалаңтөс баһадүрді хандығының бас қолбасшысы, хандықтың ішкі тәртібін қадағалайтын және шет елдермен қарым-қатынас жасау жөніндегі бас уәзірі етіп тағайындайды. Бұл кезеңде Бұхар хандығында белгілі дәрежеде тәртіп орнап, тұрақтылық сақталады. Жалаңтөс баһадүрдің беделінен сескенген Имамқұл 1626 жылы Бұхар хандығынан тәуелсіз Самарқан аймағын құрып, оған Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп тағайындайды және бас қолбасшылықты Жалаңтөс баһадүрдің өзіне қалдырады. Жалаңтөс баһадүр дарынды қолбасшы ғана емес, ол ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы бола білді. Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан 1620-1936 жылдары «Ширдор» (Арыстан қақпа) медресесін салдырады. 1646 жылы екі медресенің ортасынан «Тіллә Қари» (Алтынмен апталған) медресесінің құрылысын бастайды, бірақ бұл медресенің құрылысы Жалаңтөс баһадүр қайтыс болғаннан кейін 1660 жылы оның шәкірті алшын Бекқұлдың жалғастыруымен бітеді. Жалаңтөс баһадүр салдырған кешенді құрылыстар Самарқандағы Регистан алаңын қалыптастырды да, кейін қаланың салтанатты орталығына айналды. Жалаңтөс баһадүр шын мәнінде өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыздардың біріккен қолының қолбасшысы болып, Самарқан, Бұхара, Ташкент, Түркістан төңірегін ғана қорғаған жоқ, оған қоса қазақ сахарасының да қорғаны бола алды. 1640 жылы жоңғарлардың Батыр қонтайшысына қарсы 30 мың қолмен шығып, 50 мыңдық қолды талқандайды. 1643 жылы Жалаңтөс баһадүр Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғарларға қарсы шайқасып жатқан Салқам Жәңгір ханға 20 мың қол бастап көмекке келеді де, қалмақтарды ойсырата жеңеді. 1644 жылы Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан аумағын билейтін Моғол империясы мен Бұхар хандығы соғысады. Салқам Жәңгір 100 мың қолмен Жалаңтөс баһадүрге көмекке келеді де, Бұхар хандығы аман қалды, Жалаңтөс баһадүр Кабул, Мешхедті басып алды. Бабырдың ұрпағы Жаһан шаһтың екі баласы басқарған моғол әскері Балх түбінде жеңіліс тапты. Жалаңтөс баһадүрдің сол замандағы Салқам Жәңгірмен қосылып, қазақ елінің тұтастығын сақтауға сіңірген еңбегі оның даналығын танытады. Жалаңтөс баһадүр Бұхар хандығын тапжылтпай ұстап, екі хандықтың Талас өзенінің алқабындағы қазақ-жоңғар соғысы кезінде одақтас болуына ықпал жасады. Жоңғарлардың қазақ сахарасына қарсы жасаған соғыстары кезінде Қазақ хандығының қалың қолына келіп қосылып, оның күшін еселеді. Жалаңтөс баһадүрдің мұндай әрекеті оның қайраткерлігін танытты. Жалаңтөс баһадүр 80 жасында дүниеден қайтты. Денесі Самарқан өңірі Дағбид қыстағындағы өзі пір тұтатын Мақтым ағзам әулие бейітінің жанына жерленген. Жалаңтөс батырдың ұрпақтары бұл күнде Қызылорда облысының Қазалы ауданында тұрады. Дереккөздері: Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, 3 том «Тарихи тұлғалар» кітабы
Соңғы жаңалықтар
telegram