Жалға берілетін баспананың ережелері қандай?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалға берілетін баспананың ережелері қандай? Бүгін Мәжілісте «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысының барысы мен тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту шаралары тақырыбындағы дөңгелек үстелде «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Ляззат Ибрагимова осы мәселені түсіндірді.
None
None

Баяндама барысында Л.Ибрагимова жалға берілетін тұрғын үйлердің ережелеріне тоқталып өтті. «Жалға алудың екі санаты қарастырылған: бірінші - сатып алынатын жалға берілетін баспана, екінші - сатып алу құқығынсыз жалға алу. Екінші санаттағылар баспананы сатып ала алмайды. Ал сатып алуға болатын баспананы жалға алудың мерзімі 20 жылға дейін бегіленеді, бастапқы жарна төлемдерін енгізудің қажеті жоқ. Мерзімінен бұрын сатып алу шарттары да қарастырылған. Мерзімінен бұрын сатып алуды тек 5 жылдан соң ғана жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар, мүлікті ұстауға қатысты төлемдер, соның ішінде мүлік салығы, коммуналдық және басқа да шығыстар жалға алушы есебінен төленеді», - деді Л. Ибрагимова. Оның айтуынша, өткен жылы осы санаттағылар тарапынан үш айда бір рет мүлік салығының төленгені туралы шағымдар көп болған. Осыған орай, заңнамаға өзгерістер енгізіліп, бұл салық он есеге төмендетілген. Сатып алынатын жалға берілетін баспананың жалпы аумағы 80 шаршы метрден аспауы керек. Оны қайта жалға беруге, сатуға, сыйлауға тыйым салынады.

 «2 бөлмелі пәтерді мысал ретінде алайық. Егер сіз сатып алынатын жалға берілетін баспанаға ие болсаңыз, Астана мен Алматы қалалардың нарығында бұндай үйлердің шаршы метрінің жалға беру бағасы 1120 теңге болса, онда біздің жалға алушы 80 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтері үшін шамамен айына 56 мың теңге төлейді. Басқа өңірлер үшін әрине төлемдер сәйкесінше арзандау келеді», - дейді «Бәйтерек» холдингінің өкілі.

Оның айтуынша, екінші санаттағы, яғни сатып алу құқығынсыз жалға алынатын баспаналар негізінен сатып алынатын жалға берілетін баспанаға төлеу қабілеті төмен азаматтарға арналады. «Бұлардың ай сайын төлейтін төлемдері де екі есеге аз болады, мәселен Астана мен Алматы қалаларында бұл шамамен 28 мың теңге болады. Сатып алу құқығынсыз жалға алынатын баспананың мерзімі 10 жылға дейін, оны кейіннен тағы да 5 жылға ұзарту шарттары көрсетіледі. Ең бастысы бұл баспаналар негізінен өздері үй сатып алуға мүмкіндігі төмен азаматтарға беріледі», - деді Л. Ибрагимова.

Соңғы жаңалықтар