Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылау үшін «жедел желі» құру қажет - Д. Назарбаева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылау үшін «жедел желі» құру қажет. Бұл туралы бүгін тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының орындалуын қадағалайтын қоғамдық кеңестің бірінші отырысында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева айтты.
«Заңдылықтың бұзылуы, құрылыс мерзімдерінің кешіктірілуі, пәтерлердің сапасының сын көтермейтіндігі сынды фактілерге жол бермеу қажет. Меніңше, біздің қоғамдық кеңесте «жедел желі» ұйымдастыру керек сияқты. Онда азаматтар хабарласып, кезекте тұрғандарға қатысты әділетсіз шешімдердің орын алуы, құрылыс мерзімінің кешіктірілуі, пәтердің сапасыздығы жайында ақпарат бере алар еді», - деді Д.Назарбаева.
Айта кетерлігі, алдағы бес жылда елімізде 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй, яғни 29 мың әлеуметтік жалға берілетін пәтер салу жоспарланған. Ағымдағы жылдың өзінде ғана 487 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салу көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен наурыз айында Астана, Алматы, Қостанай, Көкшетау, Семей қалаларында жалпы аумағы 76,5 мың шаршы метрді құрайтын 1357 пәтер пайдалануға беріледі.