16:34, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Жалға берілетін үйлер қорын жасау осы салада қордаланған мәселелерді шешуге оң әсер етуі тиіс - Қ.Келімбетов
АЛМАТЫ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Қазір көпшілікті тұрғын үй құрылысын аяқтау ғана емес, оны кім сатып алатыны да толғандырады.
Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде өткен отырыс барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Осыған байланысты "Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жалға беретін тұрғын үйлердің қоры жасалу үстінде. Мемлекет осы қор атынан белгілі бір пәтерлерді сатып алады. Бұл ақшаны қайда жіберуді білмегендіктен жасалып отырған жоқ, ертең Ұлттық қордың бұл қаржысын қайтаруымыз керек. Жоба жұмыс істеуі тиіс. Біз пәтерлерді сатып аламыз, одан әрі жалға беру арқылы мұқтаждықтарды шешеміз», деді Қ.Келімбетов. «Осы бағытта пәтерлер тек жалға берілмейді, олар келешекте сатып алу құқығымен жалға беріледі. Жалға алушы біртіндеп оны өз меншігіне ала бастайды. Бізде бұндай жоба осыған дейін болған жоқ. Бұл Алматыдағы 8 мың пәтердің мұңын да, тұрғын үй нарығының мұңын да шешетін болады», дейді «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ басшысы.Ол қазіргі кезде Ұлттық қордан "Самұрық-Қазынаға" 9 миллиард доллар, немесе 1 триллион 80 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Оның 480 миллиарды 4 жүйе құрушы банкке бөлінген. Ал осы аптада бөлінген 120 миллиард теңге шағын және орта бизнеске, тағы 120 миллиард теңге ипотекалық заемдарды қайта қаржыландыру үшін түскен. «Бізде қазір 360 миллиард теңге қалды. Оның 240 миллиарды құрылыс саласын қаржыландыру үшін сақталуда және 120 миллиард инновациялық, инфрақұрылымдық және инвестициялық бағдарламаларға жұмсалады. Біз жоғарыдағы құрылысқа қатысты 240 миллиард теңгені Алматы мен Астанадағы құрылыс секторындағы жағдайды шешуге бағыттаймыз.Бұл бағытта жүзеге асырғалы отырған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша Алматыда оң жұмыстар жүзеге асады деген ойдамын. Жалға алу бойынша пәтерлер Алматыда әрқашан жеткіліксіз болған.