«Жалға беру қатынастары туралы» жаңа заң алдағы күзде қабылданады деп күтілуде - Қ.Келімбетов
АНА. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының тұрғын үй қорын жалға берілетін 8 мың пәтермен толықтыру көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» қаржыландыруымен құрылыстары жалғасып жатқан нысандарды аралаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ө.Шөкеевтің атап көрсеткеніндей, алдын ала есептеу бойынша, жалға берілетін пәтердің бір шаршы метрі 1 мың теңге болады. Яғни 70 шаршы метрлік баспана үшін төлем айына 70 мың теңгені құрайды. Оның айтуынша, қазірдің өзінде жалға берілетін пәтерлерге өтінімдер тек жеке тұлғалардан ғана емес, сондай-ақ ірі компаниялардан да түсіп жатыр. Аталмыш жүйенің тағы бір артықшылығы жалға алушы жалға алу туралы келісімді кез-келген уақытта тоқтатып, оның толық құнын өтей отырып пәтерді жекешелендіре алады.
Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов жалға берілетін алғашқы 350 пәтер «Ақ жайық» тұрғын үй кешенінен үстіміздегі тамыз айының соңында сатып алынатынын жеткізді. «Үкімет алдағы қыркүйек-қазан айында Парламентке «Жалға беру қатынастары туралы» жаңа заңды қабылдау туралы ұсыныс түсіреді деп күтілуде. Осыдан кейін алғашқы пәтерлер беріле бастайды», - деді Қ.Келімбетов.
Жалға берілетін пәтерлерден үміткерлердің өтініштерін қараумен арнайы құрылған комиссия айналысатын болады. Басымдық мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері және жас отбасыларға берілмек.