Жалған ақша жасаушылар 10 мың теңгелік купюраларды көптеп шығарады

  АЛМАТЫ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Қазақстандық жалған ақша жасаушылар  он мың теңгелік және екі мың теңгелік купюраларды көптеп шығарады.

Жалған ақша жасаушылар 10 мың теңгелік купюраларды көптеп шығарады

. Бұл жайында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай сәрсенбі күні өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 М. Жұманбайдың айтуынша, он мың теңгелік банкноттар биылғы жылы тәркіленген жалған ақшалардың 44 пайызын құрады, ал заңсыз айналымнан шығарылған жалған купюралардың 27 пайыздық үлесі екі мың теңгелік номиналдарға тиесілі.

 Қазақстандық жалған ақша жасаушылар ірі купюраларды әзірлеудің тәсілдерін заманауи компьютерлік техниканы, арнайы қағаздарды мен бояу, лактарды пайдалану арқылы меңгеруде. Десек те, қарапайым кеңсе техникалары мен қағаздарынан ақша жасау оқиғалары да жиі ұшырасатын көрінеді.

 Қаржы полициясының мәліметтеріне сүйенсек, үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде ақша жасау бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты 102 қылмыстық іс қозғалып, оның қырық екісі сотқа жіберілген. Жалпы республика бойынша жыл басынан бері 7,9 миллион теңге, 21 мың АҚШ доллары көлемінде жалған ақша тәркіленіп, айналымнан шығарылды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда, теңгеге қатысты - 82,5, долларға қатысты 91 пайызға артып отыр.