Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жалған дипломмен күрес: ЖОО-лар түлектердің 4 млн-нан астам дерегін цифрландырды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде бірнеше жыл бұрын Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы іске қосылды. Осы платформаға жоғары білім жөніндегі дипломдар қалай енгізіледі? Бұл сұраққа Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жауап берді.

ЖОО
Фото: Kazinform

- Дипломдардың заңсыз айналымын болдырмау үшін Министрлік дипломдардың базасын құрды. 2021 жылға дейін жоғары оқу орындарының барлығы мемлекеттік үлгідегі дипломдарды берген. 2021 жылдан бастап «Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес азаматтық емес және медициналық жоғары оқу орындарын қоспағанда, жоғары оқу орындары өзіндік үлгідегі дипломдарды береді. Министрлік өзіндік үлгідегі дипломдардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ сериясын бекітеді. Өзіндік үлгідегі дипломдардың нөмірлері мен QR кодтарын генерациялау арнайы Модуль арқылы жүзеге асырылады. Қолжетімділік тек жауапты ретінде тағайындалған және осы модульде тіркелген жоғары оқу орындарының қызметкерлеріне ғана беріледі. Генерация «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесі студент туралы мәліметтер негізінде жүзеге асырылады, - делінген ведомство ақпаратында.

Ақпараттық жүйеде студент туралы мәлімет болмаған жағдайда, диплом нөмірін генерациялау мүмкін емес. Генерацияланған нөмірі мен QR коды жоқ дипломдар жарамсыз болып саналады.

- 2018 жылдан бастап жоғары оқу орындары 1991 жылдан бері берілген дипломдарды цифрландыру бойынша жұмысты іске асырып жатыр. Бүгінде жоғары оқу орындары түлектердің 4 миллионнан астам тарихи деректерін цифрландырды. Қазір кез келген жұмыс беруші ақпараттық жүйеде «Білім туралы құжаттарды тексеру» арнайы Модулінде өзіндік үлгідегі дипломның түпнұсқалығын, сондай-ақ мемлекеттік үлгідегі цифрланған дипломдарды тексеруге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ дипломның электрондық нұсқасы электрондық үкіметтің мобильді қосымшасының «Цифрлық құжаттар» бөлімінде орналастырылған, - деп аталып өткен комитет мәліметінде.

Бұған дейін ШҚО-да жалған диплом жасатқан жаттықтырушы сотталғанын жазған едік.