Жалған дүкенінің ішінен заңсыз ойын бизнесін ашқан кәсіпкер 200 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылды
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Ақтөбеде кәсіпкер дүкен ашамын деп жалға алған орынды ойын бизнесіне айналдырған.
Бұл туралы бүгін Жоғарғы Соттың ресми өкілі Оксана Петерс мәлім етті.
«Пысықай» кәсіпкер өзінің жалған «дүкенінің» ішінен ойын аппараттарын және электронды рулетка орнатқан.
«Ағымдағы жылдың ақпанында жедел іздестіру шараларының нәтижесінде оның заңсыз қызметі әшкереленді. Ақтөбе қаласы №2 сотының үкімімен кәсіпкер кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылу белгіленген. Үкім заңды күшіне енді», - деді ресми өкіл.
Еске сала кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, елімізде арнайы белгіленген аймақтан өзге жерлерде ресми түрде ойын автоматтары залдары мен казинолар жабылған. Аталған ойын бизнесі тек Алматы облысының Қапшағай қаласы мен Ақмола облысының Шучинск ауданы аумағында ғана ұйымдастырылуы тиіс.
Осы бап заңды күшіне енгеннен бастап, елімізде 24 тұлға сотталды, оның ішінде 1 тұлғаға айыппұл салынған, 1 тұлға-шартты түрде жазаланды, ал 22 тұлға қоғамдық жұмыстарға тартылған.