Жалған экстрасенстер тұтқындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеудегі Тверь аудандық соты 13 «жалған экстрасенсті» тұтқындады, тағы алтауы үйқамаққа жіберілді, үшеуі сыртқа шықпау туралы қолхатпен босатылды, деп хабарлады Ресей ІІМ баспасөз қызметінен.
Полиция деректеріне сүйенсек, қылмыскерлер әр телеарналардан барлық тілек білдірушілерге экстрасенс көмек көрсетеді деген жарнама берген. «Экстрасенстердің» көмегіне РФ, ТМД-дан адамдар жүгінген. Топ қатысушылары азаматтардың сеніміне кіріп, олардың отбасылық, жеке проблемаларын шешіп беретініне сендірген. Бір ерекшелігі, адамдар ешқайда барып әуре болмайды, экстрасенс магиялық рәсімдерді қашықтықтан да жүргізетін болған. «Қызметін төлегеннен кейін экстрасенс сеанс жүргізген, алайда бір күнде «күрделі» проблемаларды шеше алмаған, клиентке тағы да бірнеше сеанс өткізу қажеттігін ұсынған. Клиенттің төлем қабілеттілігіне және қанша рәсім өткізгеніне қарай қызмет құны 20 мың рубльден бірнеше миллион рубльге дейін түрленіп отырған».
Алдын ала деректерге сүйенсек, ұйымдасқан топ әрекетінен 300-ден астам адам зардап шеккен. Ал азаматтарға келтірілген шығын 150 миллион рубльден астам.