Жалған кәсіпкерлікпен айналысатындардың жолы кесілетін болды
АСТАНА. Сәуірдің 25-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жалған кәсіпкерліктің жолын кесу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қорытынды шығарды.
Енді заң жобасы Палатаның жалпы отырысында бірінші оқылымда талқыға салуға ұсынылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасында еліміздің Азаматтық, Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске толықтырулар енгізілді. Сонымен бірге «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңдарға түзету қарастырылған болатын.
Заң жобасының негізгі мақсаты салық әкімшілігін жүргізуді күшейту. Соңғы жылдары орын алған құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың өсуіне байланысты жалған кәсіпкерлік фактілерінің жолын кесу әдістерінің тиімді жолдары қарастырылуда.
Заң жобасы коммерциялық ұйымдардың ғана емес, жеке кәсіпкерлердің де жалған кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін жауапкершілікке тартылатынын айқындап беріп отыр. Жұмыс тобына депутаттар тарапынан елуге жуық ұсыныстар келіп түскен.