Жалған құжат жасаған шаруа қожалығының басшысы сотталды – Қостанай

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында жалған қаржы құжаттарын рәсімдеген шаруа қожалығының басшысы сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Жалған құжат жасаған шаруа қожалығының басшысы сотталды – Қостанай

2020 жылдың ақпан айында облыстық Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері тергеу әрекеттерін жүргізу барысында «Мақсат» шаруа қожалығында жалған бухгалтерлік құжаттар рәсімделгенін анықтаған.

«Шаруа қожалығының басшысы өзінің атынан 3-сыныпты бидай мен зығыр жеткізгені үшін «Алтын Арна 2015» ЖШС-не 679 250 000 теңге сомасына жалған шот-фактуралар жазып отырған. Нәтижесінде 3 625 000 теңге сомасына пайыздық сыйақыға ие болған. Алайда, тауарлар нақты жерге жеткізілмеген. Тексеру барысында «Мақсат» ШҚ басшысынан бастапқы бухгалтерлік құжаттар, ақша қаражаты және басқа да заттар тәркіленді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен «Мақсат» ШҚ басшысы ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 216-бабының 3-бөлігі бойынша сотталды. Аталған қылмысты жасағаны үшін оған шартты түрде 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.