Жалған лаңкестік үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лаңкестік туралы қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін жаза қатаңдатылды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасы департаменті басқармасының прокуроры Асхат Мусин.
Лаңкестік туралы қасақана жалған ақпарат тарату аса ауыр қылмыстарға жатады. Бүгін осы әрекеттерге қатысты жаза күшейтілді - Қылмыстық кодекс бойынша 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды», - дейді А.Мусин.
Оның мәліметтеріне қарағанда, 2013 жылы Қазақстанда жалған лаңкестік фактілері 35-тен 64-ке өсіп, екі есеге артқан. Жалған лаңкестік үшін сотталған 64 адамның ішінде 49 адам бас бостандықтарынан айырылса, 11-і бас бостандығын шектеу жазасына, 3 тұлға шартты жазаға тартылды.
«Бүгінгі таңда құқық қорғаушыларға лаңкестік туралы жалған ақпарат хабарлаған тұлғаны табу қиынға соқпайды. Қазіргі заманғы технологиялар қылмыскерді тез арада ұстауға мүмкіндік береді. Қылмыстық жазадан қашу мүмкін емес. Жалған хабарламадан түскен шығынды қылмыскерлердің өздері өтейді», - деп атап өтті ол.