Жалған маркамен алкоголь өнімдерін сатқан БҚО тұрғыны сотталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО тұрғыны жалған есепке алу-бақылау маркаларымен алкоголь өнімдерін сатқаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалған маркамен алкоголь өнімдерін сатқан БҚО тұрғыны сотталды

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Жаңақала аудандық сотының үкімімен Махмут Ешкаев ҚР ҚК 223-бабы 2-бөлігіне (көрінеу жалған есепке алу-бақылау маркалары бар алкоголь өнімін өткізу мақсатында сатып алу) сәйкес айыпты деп танылды.

Анықталғанындай, Жаңақала ауданы Жаңақала ауылында орналасқан дүкен мен сақтау қоймалары бар жеке кәсіпкер М.Ешкаев 2022-2023 жылдары көрінеу жалған есепке алу-бақылау маркалары бар әртүрлі атаулардағы және өндірістегі жалпы саны 9846 бөтелке алкоголь өнімдерін сатып алған.

«Сөйтіп, кәсіпкер есепке алу-бақылау маркасынсыз, сондай-ақ белгісіз бір үлгідегі және (немесе) сәйкестендіруге келмейтін маркасы бар алкоголь өнімінің айналымына тыйым салатын»Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы«Заңның және ҚР Салық кодексінің талаптарын бұзған. М.Ешкаев өзінің дүкені арқылы осы заңсыз алкоголь өнімін сақтауды және өткізуді ұйымдастырды. Сот сотталушымен кінәсін мойындау туралы мәміле жасалғандығын ескере отырып, М.Ешкаевқа 500 АЕК, яғни 1 млн 725 мың теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ сот үкіміне сәйкес барлық тәркіленген алкоголь өнімі жойылды», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал тұрғыны 59 млн теңгенің темекі өнімдерін заңсыз сатумен айналысқанын жазған болатынбыз.