Жалған нөмір: Абай облысында бір тәулікте 91 бұзушылық анықталған
АСТАНА. KAZINFORM — 10–14 маусым аралығында Абай облысының аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Жалған нөмірлер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері бір тәулік ішінде жол жүрісі қағидаларының жалпы 91 бұзушылығының жолын кесті.
Атап айтқанда, жүргізілген рейдтік және бақылау іс-шаралары нәтижесінде келесі деректердің алды алынды:
- Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері оқылмайтын, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін немесе көзделмеген орындарға орнатылған көлік құралдарын басқару фактілері — 9.
- Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік құралдарын басқару — 13.
- Көлік құралдарына әдейі жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнату фактілері — 3 дерек.
- Жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен көлік құралдарын басқару, сондай-ақ оларды сәйкестендіруге кедергі келтіретін қосымша құрылғылар мен материалдарды пайдалану деректері — 2.
— Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында жол қозғалысына қатысушылар тарапынан орын алған өзге де тәртіп бұзушылықтар назардан тыс қалмай, профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті, — делінген ведомство ақпаратында.
Бұған дейін СҚО-да жүк көлік жүргізушілерінің кейбірі айыппұл төлемеу үшін жалған нөмірмен жүретінін жазған едік.