Жалған сенімхат арқылы банктегі біреудің шотынан 69 млн. теңгені жымқырған алаяқ ұсталды

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен аптада Астана қаласында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы іс-шаралар жүргізу барысында ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін күдікті 37 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

Жалған сенімхат арқылы банктегі біреудің шотынан 69 млн. теңгені жымқырған алаяқ ұсталды

Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ өткен брифингте ведомствоның баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Тамыздың орта кезінде 38 жастағы жеке кәсіпкер екінші деңгейдегі банктегі өзінің депозиттік есебінен 69 миллион теңгені белгісіз біреудің алғаны туралы шағымданған болатын. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның кәсіпкердің депозиттегі шотынан 400 мың АҚШ долларын және 10 миллион теңгені алғаны анықталды. Күдікті депозиттегі шотты пайдалануға және оған иелік етуге сенімхатты қолдан жасаған екен. Алаяқ шоттағы қалған соманы алмақшы болып, келесі күні банкке келген сәтінде ұсталды. Қазір уақытша ұстау изоляторына қамалып, осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», - дейді Нұрділдә Ораз. Бүгінгі күні сыбайластарын және оның ұрланған ақшасын іздестіру жұмыстары жалғасуда. Бұл ретте жедел топ қызметкерлері қылмыс жасауға банк қызметкерлерінің де қатысты болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. «Айта кетерлігі, күдікті бұған дейін де тонау жасағаны және есірткі сақтағаны үшін бұрын сотталған, риэлтерлік қызмет көрсету саласында жұмыс істеген екен», - деді Н. Ораз.