Жалған шот-фактура жазған оралдық кәсіпкерге 6,3 млн теңге айыппұл салынды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Жалған шот-фактура жазған оралдық кәсіпкерге 6,3 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті аталған тұрғынның 2017-2019 жылдар аралығында мемлекетке 67 млн теңге залал келтіргенін анықтады.

Атап айтқанда, ол ЖШС-ын пайдаланып, іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей және тауарларды тиеп-жөнелтпестен шот-фактура жазған. Сол арқылы өзінің коммерциялық кәсіпорнын салық төлеуден заңсыз босатқан.

Орал қаласы сотының үкімімен кәсіпкер ҚР ҚК 28-бабы 2-бөлігі және 216-бабы 2-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпты деп танылды.

Сотталушымен кінәні мойындау туралы мәміле түрінде процессуалдық келісім жасалды. Сондай-ақ оның Қылмыстық-процестік кодексте қарастырылған келісімнің барлық шарттарын орындағаны, соның ішінде келтірілген зиянды толық өтегені ескерілді.

Осылайша кәсіпкерге 6 млн 312,5 мың теңге айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар