Жалған тауар өндірушілермен күрес: Елімізде бірыңғай ашық реестр әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Елімізде отандық тауарлардың және тауар өндірушілердің бірыңғай ашық реестрі әзірленіп жатыр. Бұл туралы «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» форумында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шағын және орта бизнес форумында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлімдеді.
«Ең маңызды мәселелердің бірі – отандық тауар өндірушілердің шынайылығын тексеру. Бәріміз «жалған тауар өндірушілер» жайлы білеміз. Олар мемлекеттік қолдаудың толық кешеніне қол жеткізеді. Отандық өндіріске ешқандай үлес қоспай, тек импортталған тауарға «Қазақстанда жасалған» таңбасын басу арқылы ғана жеңілдетілген жолмен мемлекеттік сатып алуларға қатысады. Міне, осы себепті біз қазір «Отандық тауарлардың және тауар өндірушілердің бірыңғай ашық реестрін» әзірлеп жатырмыз», - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов адами факторлар мен жемқорлық қаупінен қорғану, компаниялардың қызметіне барынша ашық талдау жасау және шын мәнінде тауар өндіретін компанияларды анықтау үшін бұл салада цифрландыру барынша кең қолданылып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, кеше елордада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының XXII съезі өтті. Онда отандық кәсіпкерлердің қордаланған сұрақтары талқыланып, 204 маңызды мәселе Үкіметке жолданатын болды.