Жалған техбайқау өткізген орталықтар 3 жыл жұмыс істей алмайды — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда техникалық байқау орталықтарына қойылатын талап күшейді. Енді орталықтар арнайы рұқсатсыз жұмыс істей алмайды, ал көлікті тек қағаз жүзінде тексерген ұйымдардың жұмысы үш жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, елдегі техникалық байқау орталықтарының жауапкершілігі күшейді. Енді оларға жұмыс бастау үшін арнайы рұқсат алу керек.
— Техникалық байқауды тек қағаз жүзінде («жалған») жасағандардың жұмысы 3 жылға дейін тоқтатылады. Ал айыппұл 30-дан 100 АЕК-ке (432 500 теңге — ред.) дейін өсті. Осылайша, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін көліктерді пайдалануға жол берілмейді, — деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, елімізде жолаушылар тасымалы да тәртіпке келтіріліп жатыр.
— ІІМ және Яндекс, inDrive-пен бірігіп, рөлі оң жақтағы 70 мыңға жуық көлік тасымалдау процесінен шығарылды. Рөлі оң жақтан солға ауыстырылған көліктерді такси ретінде қолдануға тыйым салынып, тасымалға жауапты агрегаторлардың жауапкершілігі артады, — деді Көлік министрі.
Бұған дейін Көлік министрі елдегі жол апаттарының басты себебін атаған еді. Оның мәліметінше, жол апаттарының 35 пайызы жылдамдықты асырудан, 12 пайызы арақашықтықты сақтамаудан, 11 пайызы көлікті басқара алмаудан және 8 пайызы қарсы жолаққа шығудан болады.