Жалған транзитті болдырмау үшін жүк көліктеріне навигациялық пломбалар ілінеді – комитет

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан аумағы арқылы өткен жалған транзит 0,3%-ға дейін төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Жалған транзитті болдырмау үшін жүк көліктеріне навигациялық пломбалар ілінеді – комитет

Көлеңкелі тауар айналымын болдырмау мақсатында Қазақстан, Ресей және Қырғыз Республикасының фискалды органдары өзара іс-қимыл жасауда. Осы мақсатта жиі кездесулер өтіп, бірқатар келісімдер орнаған.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысында (2022 жылғы 8-9 қыркүйек, Бішкек) жасалған келісімдер негізінде 2022 жылдың 1 қазанынан 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін Қырғызстаннан Ресей Федерациясына бағытталған жүк көліктеріне навигациялық пломбалар ілу бойынша пилоттық жоба жүргізілді.

Қазақстан Үкіметінің 2023 жылғы 12 қаңтардағы №17 қаулысымен Халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалау жөніндегі ұлттық оператор болып «Ғарыштық техника және технологиялар институты» ЕЖШС бекітілді.

«2023 жылғы 1 маусымнан бастап, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясымен өзара сауда шеңберінде тауарлардың автомобиль және теміржол тасымалын қадағалау бойынша халықаралық пилоттық жоба жүргізілуде. Навигациялық пломбалар Қазақстан аумағынан өтетін тауарларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді және жалған транзит фактілерін болдырмауға, нақты импорттаушыны айқындауға бағытталған», - деп жазылған комитет хабарламасында.

Аталған илоттық жоба қаңтар-маусым айларында ҚР арқылы ЕАЭО елдеріне транзитпен өткен барлық 25 мың жүк көліктерінің Қырғызстаннан жалған транзит үлесін 0,3%-ға дейін төмендетуге ықпал етті.

Осыған дейін жалған транзит үлесі тек Қырғыз Республикасынан 2019 жылы 21% (5,4 мың факт), 2020 жылы – 13% (4,2 мың факт) құраған болатын. 2021 жылы қабылданған шаралар арқылы жалған транзит үлесі 0,8%-ға (287 факт), 2022 жылы 0,6%-ға (262 факт) дейін қысқарған.