Жалған зейнеткерлер туралы қылмыстық іс тергеуі аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро департаменті аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырған тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалған зейнеткерлер туралы қылмыстық іс тергеуі аяқталды

Атап айтқанда, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы - «Әлеуметтік төлемдер жөніндегі ведомствоаралық есептеу орталығының» облыстық департаменті басшысының орынбасары Лукашова және Павлодар облысы бойынша Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің басшысы Смағұлова және өзге де тұлғаларға қатысты іс қаралды.

«Жоғарыда аталған қызметкерлер өз лауазымдарын пайдаланып, ұзақ уақыт бойы (2005 жылдан бастап) жүйелі түрде 300 мыңнан 1 млн теңгеге дейінгі ақшалай сыйақыға Павлодар облысының зейнетақы жасына жетпеген тұрғындарына зейнетақы төлемдерін заңсыз рәсімдеп келді деп айыпталуда», - делінген Ұттық бюро хабарламасында.

Әлеуметтік төлемдер жөніндегі ведомствоаралық есептеу орталығының бұрынғы қызметкерлерінен құралған топ «клиенттер» іздестіріп, заңсыз түрде зейнетақы рәсімдеумен айналысқан. Сәйкесінше, мемлекетке 120 миллион теңгеден астам шығын келтірген елуден астам жалған зейнеткерлер анықталды. Оларға ядролық полигон аумағында тұрғаны туралы жалған архивтік құжаттар, «көпбалалы аналар» үшін - балалардың туу туралы куәліктері әзірленген және осы жалған құжаттар арқылы зейнетақы тағайындалған.

«2018 жылдың 15 мамырынан бастап, Смағұлова үйқамақта отыр, ал Лукашова 2018 жылдың 31 мамырында қамауға алынды. Қазіргі уақытта айыптау актісі бар қылмыстық іс әрі қарай сотқа жолдануы үшін прокуратураға жіберілді. Қылмыстық істі тергеу нәтижелері бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сыбайлас жемқорлыққа жол берген жағдайларды реттеу туралы ұсыным жіберілді. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында аталған мемлекеттік органдардың еңбек ұжымдарымен кездесу өтеді», - деп хабарлады Ұлттық бюроның баспасөз қызметі.