Жалғандық шкаласы аттестациядан өтетін мемқызметшінің жауаптарынан анықталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері аттестациядан өту барысында жалған сөйлеу тексеруінен өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында Қарағандыдағы кездесу барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова айтты.
«Сіз жауаптың (тестілеуде) өз нұсқаңызды таңдайсыз. Бұл ретте мынаны нақты түсіну қажет: тест сіздің жеке қасиетіңізді анықтайды, бір сұрақ түрлі түсінікте қайталануы мүмкін. Мәселен, бір жағдайда сіз «келісемін», ал екіншісінде «толықтай келісемін» деп жауап бересіз. Соңында жалғандық шкаласы деген болады. Яғни, сіздің бір сұраққа қаншалықты шынайы немесе жалған жауап бергеніңіз анықталады», - деп ескертті ол.
Ол тестілеуде келуі мүмкін сұрақтардың бірін мысалға келтірді. Сұрақ былай қойылуы мүмкін: «Сіз өзіңіздің бөлімшеңізге шағым жиілеп кеткен уақытта қалай әрекет жасайсыз?».
«Қорытынды сіздің жауаптарыңыздың жиынтығы негізінде беріледі. Қызметкердің әлсіз және күшті қыры анықталады. Егер, сіз шынайы жауап бермесеңіз, онда қорытындыда тестілеу барысында сіздің өзіңізді асыра мақтағандығыңыз және соған сай көрсеткішіңізді көтеруге тырысқандығыңыз жазылады», - деді Шаимова.
Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, Айгүл Шаимова Қарағанды облысы әкімдігінде «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің алдағы аттестациясы бойынша кездесу өткізді.
Қарағанды облысында 2 ақпан күні орта топтағы мемқызметшілерді тестілеу басталады. Кездесуде аталып өтілгендей, өңірде 5000-нан астам мемқызметші аттестациядан өтеді. Көрсетілген санаттар бойынша, 1157 адам (мемлекеттік қызмет аппаратының жалпы 23,6%-ы) тестілеуден босатылады.