Жалғыз адамдық камерадағыларға темекі тартуға және кездесуге салынған тыйым тексеріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық сот тәртіптік изолятор мен жалғыз адамдық камерадағы сотталғандарға салынған тыйым туралы нормалардың Конституцияға сәйкестігін тексереді.
Конституциялық сот алдын ала қарау қорытындысы бойынша Қылмыстық-атқару кодексінің 109-бабы екінші бөлігінің, 134-бабы бірінші бөлігі 2-тармақшасының және Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртiп қағидаларының 104-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтың өтінішін іс жүргізуге қабылдады.
Даулы нормаларда тәртіптік изолятор мен жалғыз адамдық камераға қамалған сотталғандар үшін күндіз кездесуге, телефонмен сөйлесуге, азық-түлік пен қажетті заттарды сатып алуға, темекі шегуге және ұйықтайтын орынды пайдалануға тыйым салу белгіленген.
Сотталған адамның жақын туыстары қайтыс болған, ауыр науқастанған кезде немесе отбасына елеулі залал келтірген дүлей зілзала және басқа да ерекше жеке жағдай болған кезде телефон арқылы сөйлесуге құқығын белгілейді.
Конституцияға сәйкестігін тексерудің барысы мен қорытындысы туралы ақпарат Конституциялық соттың ресми сайтында жарияланады.