Жалғызбасты ҰОС ардагерлерінің қолына «ақылды» білезіктер тағылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалғызбасты ҰОС ардагерлерінің қолына олардың денсаулығы туралы мәліметтерді базаға жіберіп отыратын «ақылды» білезіктер тағылады.
Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің арасындағы Әріптестік туралы меморандумға қол қою кезінде кеңес төрағасы Өмірзақ Озғанбаев айтты.
«Бүгінде елімізде 6300-ден астам соғыс ардагері бар. Олардың ең жасының өзі 90-нан асты. Көбінің денсаулығы нашар. Басым бөлігінің жанында жанашыр адамдары қалмаған. Сондай жандар бір күні кенеттен ауырып, жүрек талмасы ұстап, қасында тұрған телефонға да қолдары жетпей, құлап қалуы мүмкін. Міне, осындай жағдайда арнайы білезіктер көмектеседі. Мұндай білезіктер АҚШ, Еуропа елдері, Ресейде кең тараған. Ауырған адам сол білезіктің тетігін басса болды, орталық диспетчер пунктінде ол кім, қандай ауруға ұрынды, мекенжайы қайда деген мәліметтердің барлығы шыға келеді. Сөйтіп жедел жәрдем дер кезінде шақырылады», - деп атап өтті Ө. Озғанбаев.
Оның мәліметінше, құрылғының бағасы 30 мың теңге көлемінде болады. Сонымен қатар, жыл сайын көрсетілген қызмет үшін тағы қосымша төленеді.
«Алда келе жатқан 9 мамыр - Жеңіс күніне орай мұндай білезіктер Алматы мен Астана қалаларының ардагерлеріне тапсырылады. Содан кейін қалған майдангерлерге де беріледі. Бұл шарада «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қол ұшын созып отыр», - деп атап өтті Ө. Озғанбаев.