Жалпы сайлау: Ұлыбританияда бәс тіккендердің басы бәлеге қалды
ЛОНДОН.KAZINFORM - Ұлыбританияда билік партиясы тағы бір былыққа батып, саяси жанжалдың ортасында қалды. Жоғары лауазымды шенеуніктер Жалпы сайлау күнінің өтетін уақытын алдын ала біліп, бәс тіккен. Олардың инсайдерлік ақпаратты пайдаланып, табыс тапқысы келгені мәлім болды. Бірнеше адам тергеліп, депутаттыққа түскендері сайлаудан шеттетіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform-ның Тұманды Альбиондағы тілшісі.
Парламенттік сайлау 4-ші шілдеде өтеді. Бұл туралы көпшілікке 22-ші мамырда жария етілді. Нақты өтетін күні тек санаулы адамға ғана белгілі болды. Содан олар букмекерлік кеңсеге барып, бәс тігіп, баюдың амалын іздепті. Елде саяси болжамдар жасап, ұтысқа қатысуға рұқсат етілген. Бірақ құпия инсайдерлік ақпаратты алдын ала біліп, пайдаға кенелгісі келетіндер заң алдында жауап береді. Премьер-министр ашуға мініп, күдіктілердің кінәсі толық дәлелденсе, партия қатарынын босататынын кесіп айтты.

«Айыптаулар туралы естігеннен кейін мен қатты ашуландым. Біз тәуелсіз ішкі тергеуді бастап кеттік және күдіктілерді тексеру кезінде қызметінен уақытша босаттық. Полиция да іске араласты. Егер олардың ережелерді бұзғаны анықталса, онда, әрине, заң талаптарына сәйкес жауап береді. Мен кәнілінің партиядан қуылуын қадағалаймын», — деді Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак.
Құмар ойындары бойынша комиссия жиырмаға жуық депутаттың тергеліп жатқанын айтты. Даулы іске жергілікті полиция қызметкерлерінің, Риши Сунактың көмекшісінің және жеке күзетшісінің де қатысы бар екендігі анықталды. Олар сайлау күнін созбалаңға салып, жария етпеген премьердің жайбасарлығынан ақша жасағысы келген болып шықты.
«Менің ойымша, премьер-министр ерте бастан жылдам әрекет етіп, көшбасшылық мінез танытуы керек еді. Ал ол біздің мәжбүрлегенімізді күткендей. Біз ережелерді бұзатын, тіпті елемейтін консерваторлардың ерсі қылығына жиі куә болып келеміз. Мұны тоқтатып, тарихтың жаңа парағын ашуымыз керек және саясат пен елімізді қайта құруымыз қажет», — деді оппозициялық Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.
Кейінірек жанжалға консерваторлар ғана емес, лейбористердің де қатысы бар екендігі белгілі болды. Саяси партиялар тергеліп жатқан кандидаттарды қолдаудан түбегейлі бас тартты. Жаңа сауалнамаға сәйкес, шулы оқиғадан кейін Консервативті партияны қолдаушылардың саны тіпті төмендеп кетті.
«Қайда бет алғанымыз мен үшін беймәлім. Бізге өзгеріс қажет. Сайып келгенде, біз Лейбористер партиясын таңдаймыз. Стармер өз уәделерін орындай ма, әлде оппозиция билікке келгеннен кейін оны басшылықтан алып тастай ма, ол жағы белгісіз», — деді Лондон тұрғыны.
«Мен мұнда заңсыз мигранттардың күн сайын қайықпен жүзіп келгенін қаламаймын. Консерваторлар мұны тоқтатамыз деді, бірақ сәтсіздікке ұшырады. Лейбористер? Олардың бұл бағытта не істей алатынын тіпті білмеймін», — деді тағы бір қала тұрғыны.
Риши Сунактың алдыңғы әріптестері абыройдан айырылды. Борис Джонсон карантин кезінде Даунинг стритте ойын-сауық құрып, консерваторлардың беделіне нұқсан келтірді. Одан кейін Лиз Трасс билікке келіп, 49 күн ішінде ел экономикасының астан-кестеңін шығарды. Салық көлемін негізсіз түсіремін деп, қаржы нарығын алай-дүлей қылды. Сунак өзін олардан оқшау ұстамады және саяси әлсіздігін көрсетті, дейді сарапшылар.
«Меніңше, Сунактың байлығы көп болған соң сайлаушылар оны сүймейді. Кейде саясаткер өзін қараша халықтан алшақ ұстайды. Менің ойымша, сол себепті ол партияны төрге емес, көрге сүйреп жүргендей. Премьер-министрді көпшілік әлсіз көшбасшы санайды», — дейді Патшайым Мария университетінің профессоры Тим Бейл.
Жалпы сайлауда жеңіске жеткендер Вестминстер сарайының төрінде отырмақ. Қоғамдық пікір зерттеулеріне сәйкес 14 жыл басшылық еткен Консерваторлар партиясы алдағы бейсенбіде билікпен қоштасады.