Жалпыға бірдей декларациялау: Қолма-қол ақшасын көрсетуді ұмытқан адам не істеуі керек
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова декларация тапсыру кезінде қолма-қол ақшасының бір бөлігін көрсетуді ұмытып кеткен адам не істеуі керегін түсіндірді.
– Егер біз қандай да бір заң бұзушылықты анықтасақ, ол адамға хабарлама жібереміз. Мүмкін біреу қайбір мүлкін көрсетуді ұмытып кеткен шығар? Бізде арасында адамдардың қолма-қол ақшасын көрсетуді ұмытып кететін жағдай кездесіп тұрады. Содан соң қосымша декларация тапсырып, онда матрасының астында миллион теңгесі қалып қойғанын көрсетеді, - дейді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, бұндай жағдайда алаңдайтын дәнеме жоқ. Заңнамада өтінімнің ескіру мерзімі деген ұғым бар. Жалпыға бірдей декларацияда бұл 3 жылды құрайды.
Яғни азамат үш жылдың ішінде қосымша декларация тапсырып, мәліметті толықтыра алады.
Айта кетейік, ендігі жерде ел тұрғындары декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмаса, онда ол «нөлдік көрсеткішпен ұсынылды» деп саналмақ. Бұндай өзгерісті жаңа Салық кодексіне енгізу көзделген.