Жалпыға бірдей декларациядан босату шенеуніктердің мүлкін жасыруға жол ашпай ма

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрі Мәди Такиев жалпыға бірдей декларацияның соңғы кезеңін тоқтату ірі шенеуніктердің мүлкін жасыруға мүмкіндік ашады дейтін сындарға жауап берді.

Мәди Такиев
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Әлеуметтік желіде жалпыға бірдей декларацияның соңғы кезеңін тоқтату биік рангтегі шенеуніктердің мүлкін декларациядан босатылған қарапайым адамдар мен зейнеткерлердің атына жазу арқылы жасыруға жол ашады деген пікір бар. Шынымен де солай болмайтынына қандай кепілдік бар?» - деп сұрады журналист.

Министр ондай сынның орынсыздығын айтады.

«Келесі жылдан бастап өз мүлкіңізді біреуді атына жаза алмайсыз. Жазсаңыз, ол кісіге «мынанша активті қайдан алдыңыз» деген сұрақ туындайды. Мысалы ауылдағы қарапайым адамның атына 100-200 млн теңгенің мүлкі жазылса, оған осындай сұрақ қоямыз. Сондықтан ондай тәуекел жоқ. Зейнеткер де мүлік сатып алса, атына қымбат актив тіркелсе оны қай жақтан алғанын көрсетуге міндетті болады. Біз көріп отырамыз, «зейнетақысы мынандай, сонда қымбат мүлікке ақшаны қай жерден алды» деп тексереміз», - деді Мәди Такиев.

Бұған дейін ол Үкімет отырысында декларация тапсырудан босатылатын санаттарды атаған еді.

Нақтырақ айтсақ, жалпыға бірдей декларацияның 4 кезеңіне кіретін мына санаттағы азаматтарды декларация тапсырудан босату көзделіп отыр: жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалары. 

Ал мына санаттағы азаматтар сол күйі жыл сайын декларация тапсыра береді:

  • мемлекеттік қызметшілер;
  • коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары;
  • Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері барларға және 1 жыл ішінде сатып алғандар;
  • бір жыл ішінде құны 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (74 млн. теңге) астам сатып алулар жасағандар;
  • өз бетінше салық салынатын табыс тапқандар.
Соңғы жаңалықтар