Жалпы егістік алқабындағы астық үлесін 52 пайызға дейін қысқарту көзделуде - АШМ
АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Республиканың жалпы дәнді-дақылдар алқабындағы бидай егістіктерінің үлесін 52 пайызға дейін қысқарту көзделуде.
Бұл туралы бүгін «KAZGRAIN-2012» V қазақстандық астық форумы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өміряев айтты.
Елімізде астықты кепілдікпен сатып алуды қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңартуға арналған лизингтік бағдарламаларды арзандату бағытындағы жұмыстар қолға алынатынын атап өткен ол: «Жалпы егістік алқаптары құрылымындағы бидай егістігінің көлемін ғылыми тұрғыда негіздеп, бірте-бірте төмендету міндеті тұр. Бүгінгі таңда астық алқаптарының үлесі 65 пайызды құрайды. Біз біртіндеп бұл үлестің көлемін 52 пайызға дейін төмендеткіміз келеді», - деді.
Бұл ретте вице-министрдің атап өтуінше, қысқартуға жататын егістік алқаптарына дәнді және майлы дақылдарды себу көзделеді.