Жалпы ішкі өнім құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 11,4 пайызды құрады

АСТАНА.  4 маусым. ҚазАқпарат -  Жалпы ішкі өнім құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі өсуде. 2011 жылы бұл 11,4 пайызды құрады.

Жалпы ішкі өнім құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 11,4 пайызды құрады

Салыстырмалы түрде алып қарасақ, 2009 жылы бұл көрсеткіш 10,5, 2010 жылы 11,3 пайызға тең болған. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Ведомство басшысының айтуынша, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданғаннан бері өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты өсуі байқалып келеді. Мәселен, осы бағыттың өсу қарқыны тұңғыш рет тау-кен өндіру өнеркәсібінің қарқынын басып озды.

Министрдің мәліметіне сүйенсек, 2010 жылы тау-кен саласының өсім көрсеткіші 7 пайызға артса, бұл саладағы өңдеуші өнеркәсіптің өсімі 14 пайызды құрады. Ал, 2011 жылы өңдеуші өнеркәсіп өндірісіндегі өсім көрсеткіші 6,2 пайызға жеткен.

«Жалпы алғанда өндірістің өсімі іс жүзінде өңдеуші өнеркәсіптің барлық салаларында байқалуда. Былтырғы жылдың қорытындыларына сүйенсек, айтарлықтай өсу химия өнеркәсібіне - 21,5 пайыз, машина жасауда - 16,8 пайызды құрады»,-деді министр.