Жалпы отырыста арнайы экономикалық аймақтар мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда талқыланатын болды - Мәжіліс

АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісі жаңа жылдың алғашқы Бюросында Палатаның алдағы өтетін жалпы отырыста қаралатын қосымша мәселелерді анықтады.

Жалпы отырыста арнайы экономикалық аймақтар мәселелері бойынша толықтырулар енгізу  туралы заң жобасы екінші оқылымда талқыланатын болды - Мәжіліс

Мәжіліс аппараты баспасөз қызметінің хабарлауынша, депутаттардың талқылауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымға шығарылатын болды.

Күн тәртібінің жобасына Палата қорытынды әзірлеу мерзімін нақтылайтын: «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украинаның Министрлер Кабинетінің арасындағы 2010 жылғы 14 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украинаның Министрлер Кабинетінің арасындағы Қазақстан Республикасының Украинадағы және Украинаның Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерін орналастыру шарттары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қосылды.

Сонымен қатар, «Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісімге оның Оңтүстік және Шығыс Жерорта теңізі елдеріндегі қызметін санкциялайтын түзетуді ратификациялау туралы»; «Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісімге алушы елдерде және әлеуетті алушы елдерде арнайы қорлардың қаражатын пайдалануды санкциялайтын түзетуді ратификациялау туралы» және «Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысын ратификациялау туралы» актілер де осы топқа енді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Палатаның комитеттеріне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып алдағы болатын жалпы отырыста қарауға жоспарланған заң жобаларын мұқият әрі сапалы әзірлеуді тапсырды.