Жалпы отырыста «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтың айтуынша, заң жобасы тұрмыстық өмірде болатын құқық бұзушылық әрекеттердің, атап айтқанда күш көрсетудің жекелеген түрлерінің алдын алуға бағытталған. Заң жобасы іске қосылатын болса, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының балалардың құқықтары мен әйелдерге көрсетілетін кемсітушіліктердің алдын алуға бағытталған конвенциясынан туындайтын талаптарды орындаған болады. «Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында отбасы жағдайында құқық бұзушылыққа бейім 32 мыңнан астам адам арнайы есепте тұр. Әдетте отбасында болатын күнделікті ұсақ-түйек кикілжіңдердің ақыры ауыр қылмыстарға апарып соғатын кездері болады. Осы тұрғыдан алғанда заң жобасы елдегі қылмыстық жағдайды оңалтуға айтарлықтай септігін тигізеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың психологиялық, жыныстық сияқты бірнеше түрлері бар. Заң жобасында олардың барлығына нақты анықтама берілген», деді министр.