Жалпы республика бойынша «Мамандықтар жәрмеңкесі» өтеді
АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының «Дағдарысқа қарсы әрекет етудің Жол картасын әзірлеу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан «Жұмыспен қамтудың Жол картасы 2020» бағдарламасы әзірленген болатын. Аталмыш бағдарламаны ресми жариялау үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаевтың жетекшілігімен 21 маусымда Шығыс Қазақстан облысында республикалық форум ұйымдастырылады.
Сонымен бір мезгілде бүкіл республика бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен 19-21 маусым аралығында жалпы республикалық «Мамандықтар жәрмеңкесі» өткізіледі. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Жәрмеңкенің басты мақсаты - жұмыс берушілер мен білім беру мекемелері арасында байланыс орнатып, кадр даярлау мәселелерін еңбек рыногындағы жұмыс күшінің қажеттілігіне сәйкес ұйымдастыру. Яғни, шара аясында жұмыс берушілер оқу орындары даярлайтын мамандықтарымен, оқу технологияларымен танысып өздеріне қажетті кадр даярлауға, оқу орындарын айқындауға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, жұмыс берушілер үшін әлеуетті жұмысшы табуға, ал оқу орындары еңбек нарығына сәйкес кадр дайындауға қажеттіліктерді саралайды.
Аталған жәрмеңке ОҚО барлық аудандары мен қалаларында ұйымдастырылады. Қазірдің өзінде шараны нәтижелі өткізу мақсатында дайындық жұмыстарын жүргізетін облыс деңгейінде арнайы штаб, аудандар мен қалалар деңгейінде жұмысшы топтары құрылып, іс-шаралар жоспары түзілген. Жәрмеңкелер салтанатты түрде ашылып, онда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады және бейнероликтер көрсетіледі.
"Екі күндік жәрмеңкенің нәтижелері күнделікті онлайн-режимде сағат 12.00, 15.00, 19.00-де Еңбек министрлігіне ұсынылып, қорытындыланады. 2013 жылдың 18 маусымына облыс бойынша жәрмеңкеге 29 оқу орындары мен 239 жұмыс берушілер қатысуға ниет білдірді. Қатысушы жұмыс берушілер жұмыс іздеушілерге 7836 жұмыс орындарын ұсынғалы отыр" делінген баспасөз баянында.