Жалпыға бірдей декларацияны 497 мың адам тапсырды, 99,9% электронды форматта

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінде 497 мың адам декларация тапсырды, оның 99,9% электронды түрде ұсынылған. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпыға бірдей декларацияны 497 мың адам тапсырды, 99,9% электронды форматта

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42-қадамын және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындау үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізілуде. Жеке тұлғалар бірінші жылы жинақталған активтерді тіркеу үшін активтер мен міндеттемелер туралы «кіріс» декларациясын тапсырады, кейіннен негіз болған жағдайда жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынып отырады», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары өздерінің жеке активтері мен міндеттемелерін бірінші болып декларациялайды, өйткені бұл азаматтардың дайындалған бөлігі және биыл олардың 99 пайызы электронды түрде декларация тапсырған.

«Ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы «кіріс» декларациясын екінші кезеңде ұсынады.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап – бизнес өкілдері, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің басшылары, құрылтайшылары жұбайларымен бірге декларация тапсыруы қажет. Соңғы кезең – 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалған барлық азаматтарға декларациялаудан өту міндеттеледі», - деп түсіндірді Ж. Іңкәрбаев.

Оның айтуынша, жалпыға бірдей декларациялауға көшу көлеңкелі айналымды, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Табыс ету мерзімінің аяқталуына қарай, яғни 2021 жылғы 15 қыркүйекке қоса алғанда, декларацияны 497 мың адам табыс етті. Қабылданған 512 мың декларацияның ішінде ең көп таралған өтінім беру тәсілі болып e-Salyq Azamat мобильдік қосымшасы табылады, оның көмегімен декларациялардың 54% ұсынылған. «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы – 40%, «Электрондық үкімет» порталы арқылы – 5% және қағаз тасығышта 414 адам немесе жалпы санының 0,1% декларация тапсырды», - деп хабарлады Ж. Іңкәрбаев.

Декларацияда 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қолда бар активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтерді көрсету қажет, соның ішінде:

- шет мемлекетте тіркелген не тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, көлік құралдары;

- Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттардағы 1000 еселенген Айлық есептеме көрсеткіштен асатын қаражат;

- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша сомалар;

- Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;

- бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары;

- инвестициялық алтын;

- зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері;

- 10 000 айлық есептік көрсеткіш шегіндегі сомада көрсетілетін қолма-қол ақша;

Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тұрғылықты жері бойынша, яғни жеке тұлға тіркелген салық органына ұсынылады.

Декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті – Cabinet.salyk.kz, «Электрондық үкімет» порталы egov.kz арқылы, сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.